Әл Фараби ауданы әкімдігінің активімен кездесу өтті

83

 Бүгінгі таңда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал ететін себептерді жоюға бағытталған жүйелі шараларды қабылдауда.

Осы ретте, бүгін Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасарлары Т.Серікбаев және К.Қабылбеков Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының ұжымымен кездесті. Шарада сөз сөйлеген Департамент басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев басты басымдық сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталғандығын жеткізіп, алайда сыбайлас жемқорлық үшін жазалаудың бұлтартпастығы маңызды қағидаттар болып қала беретіндігіне тоқталды.

«Біз шенеуніктерді отырғызудан ұзақ мерзімді нәтиже болмайтынына сенімдіміз. Сондықтан біз сыбайлас жемқорлықтың себептерін, яғни олардың алғышарттарын бірлескен шаралармен жоюымыз қажет» — деді ол. Кездесу барысында Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің басшысына қатысты ҚР ҚПК 200-бабы тәртібінде ұсыныс қаралды. Департамент басшысының орынбасары К.Қабылбеков аталған лауазымды тұлға сауда жасауға рұқсат беру және кәсіпкерлік қызметке жалпы қамқорлық жасау үшін азаматтан заңсыз сыйақы алғандығы жөнінде атап өтті. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру шеңберінде қабылданып жатқан шаралар және жергілікті атқарушы органдардағы сыбайлас жемқорлықтың жағдайы баяндалды. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген өзгерістер айтылып, Мемлекет басшысы қол қойған заңда басшыларға бағынышты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауының алдын алу міндеті енгізілгендігі жеткізілді.

Отырысты қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Д.Босымбаев сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда әкімдік тарапынан атқарылған жұмыстармен таныстырып, бүгінгі кездесуде айтылған мәселелер қызметкерлерді ойландыратындығына сенім білдірді.