Сарыағаш аудандық білім бөлімінің қызметкеріне қатысты сот ісі басталды

829

Гүлзада Оразова Нұр-Сұлтаннан осы сотқа арнайы келген. «Самғай біл» ЖШС-інің басшысы Сарыағаш аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісін «100-ден аса автордың көз майын тауысып жазған оқу құралдарын заңсыз көшіріп басты» деп айыптап отыр.

2018 жылы мамыр айында Сарыағаш ауданының білім бөліміне, өзінің жетекшілігімен жазылған ҰБТ-ға дайындық әдістемелігінің 8 данасын тегін берген. Алайда арада біраз уақыт өткенде өздерінің еңбегін аудандық білім бөлімінің бір қызметкері заңсыз көшіріп, сатқаны туралы хабар жеткен.


Гүлзада Оразова, «Самғай біл» ЖШСнің басшысы: «Баратов оған айтты. 4500 теңгеден деді. Сонда бір комплектісі қанша болады деп Ахметов өзі сұрайды бұдан. Ол айтады 37 мың теңге деп. Менің кітабымды осындай бағаға саттыңыздар ма деп сұрадым? Не деген сұмдық?! Мен сізге ондай рұқсат берген жоқпын қой, таныстыру үшін бердім ғой деп едім. Міне, сол уақытта телефонды сөндіре салды».

Дәл сол ҰБТ-ға дайындық құралының өзі басқаратын мектеп оқушыларына «сатыңдар» деген пәрменнің түскенін бұрынғы Сарыағаш, қазіргі Келес ауданына қарасты мектептердің бірінің директоры да айтып отыр. Аты-жөні мен жүзін көрсетпеуді өтінген ол, «егер кітапты сатпасаңдар, еңбек демалысына жібермейміз» деп қинады дейді.

«2017-2018 оқу жылының соңында мамыр айында аудандық білім бөлімі жиналысқа шақырды. Сол жиналыстың бір сұрағы, бір мәселесі, жаңағы тест жинағы бар 8 кітаптан тұратын. Соны алуларың керек деді. – Сонда сіздің мектеп 8 кітап алған иә? – 8 кітап жаңағы 40 000 теңгеден артық ақшаға берілді. Сонда әрқайсысы 5000 теңгенің төңірегінде болып тұр ғой бұл кітап».

Көрші Келес ауданында тура осындай жағдай туралы жергілікті «С-Информ» газетінің редакторы Амангелді Батырбеков алғаш әлеуметтік желіде жариялаған еді. Сол үшін аудандық білім бөлімінің басшысы оны сотқа берген еді.

Аудандық сот оны 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырғанымен аппеляциялық сот оны ақтап шықты. Ал қазір аталған сот процесіне жәбірленуші тараптың өкілі ретінде қатысып жүрген редактор судьяның әділ шешім шығаратынына күмәнмен қарайтынын айтады.

Амангелді Батырбеков, С-Информ» газетінің редакторы: «Судья білім саласына қатысты әділ шешім шығармайды. Ауыстырыңдар деген өтінішіме негізсіз деді».

Соттың алғашқы отырысы өтті. Оның әрмен қалай қалай өрбиітіні біздің арнаның бақылауында болады.

Меруерт Ахан