Шымкентте алғашқы «сары нөмір» берілді

188

«18-аймақ» деп белгіленген мемлекеттік нөмірлердің Шымкент қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталықтарына жеткізілгеніне — апта толды.

«18-аймақ» белгісіндегі мем.нөмірлерБірақ, Еуразиялық экономикалық Одақ елдерінен әкелінген автомобильдер мен Қазақстанда уақытша тіркелген көлік иелері «сары нөмірлерді» рәсімдеуге асығатын емес. Тек бүгін алғашқы жүргізуші келіп, тиісті тіркеуден өтіп, уақытша мемнөмір алды.

Бауыржан Төребеков

Бауыржан Төребеков, Шымкент қаласы мамандандырылған ХҚКО бөлімі басшысының орынбасары: «Бакиев деген 45 жастағы азамат келіп, 2018 жылғы «тойота камри» көлігін тіркеп, «18-аймақ» деп белгіленген мем.нөмір алды. Төлемақысы — 50 АЕК яғни 132 550 теңге. Көлікті рәсімдеуге 30 минут уақыт жұмсады».

Шымкентке бұл ерекше мемнөмірлердің 1000 данасы жеткізілген. Шетелдік нөмірмен жүрген көліктерді Ішкі істер Министрлігінің базасына тіркеу олардың Қазақстандағы нақты санын анықтауға мүмкіндік береді.

Полиция департаменті берген мәліметке сүйенсек, бүгінде миллионды қала — Шымкентте Армения мен Қырғызстаның мемлекеттік нөмірлерімен 400-ден астам автокөлік жүр. Оның ішінде 270 адам 343 көлікті өз атына тіркеп әкелген.

Айта кетейік, осы қос мемлекеттің көліктерін айдаған шымкенттіктер 2019 жылдың 12 айында 3 435 әкімшілік құқықбұзушылық жасаған. Оларға салынған 48,5 миллион теңге айыппұлдың әзірге 2 миллион теңгеге жуығы ғана өндіріліпті.

Мөлдір Бекеева