Шымкент қаласының әкімі Мұрат ӘЙТЕНОВ республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне сұхбат беріп, «ТМД-ның мәдени астанасы» жылына орай жоспарларымен бөлісті.
– Әрине қазір қызу дайындық жүріп жатыр. Барлық іс-шараларға үлкен-кіші демей жауапкершілікпен қараймыз, ол үшін арнайы штаб құрдық. Бұл штабқа қала әкімі ретінде жетекшілік жасаймын. Оған әр саладан мамандарды тартып, дайындығымызды пысықтап, зерделеу жұмыстарын жүргіздік.
Қаланың көрнекі жерлерін аралап шықтым. Қазір мерекеге әзірлік негізінде бес бағыт бойынша жоспар жасадық. Бірінші кезекте, құрылысы жүріп жатқан нысандардың сыртқы келбеті, шаһардың күндізгі және түнгі шырайы, қала тазалығы, міне, осы мәселелер бойынша тиянақты бақылау жүргіздік. Аты айтып тұрғандай, мәдени астана болған соң, біз өз мәдениетімізді барлық салада ұялмайтындай етіп көрсетуіміз керек. Екінші кезекте, туристік инфрақұрылымды дамытуға басымдық берудеміз.
Шымкент – бұрыннан туристерге тартымды шаһар, қаламызда зәулім қонақүйлер, дәмханалар бар, дендросаябақ, зообақ, тағы басқа көрікті орындар жетерлік. Олар Шымкенттің шынайы мақтанышы, қалаға келген қонақтарға да ерекше жылы шуақ, естен кетпес әдемі әсер сыйлайтыны рас. Дегенмен, мұның бәрі бірлесіп жұмыс істемеген. Яғни әрқайсысы өз қазанында қайнап, өз бетінше әрекет етіп жатыр. Ендігі мақсатымыз – осы туристік маршруттарды біріктіріп, жүйелеп, бір-бірімен тығыз байланыс орнатып, бірлесіп жұмыс істеуіне ықпал ету.
Қаланың көрікті орындарын көрсететін арнайы туристік маршрут ашуды да жоспарлап отырмыз. Ол маршруттардың арақашықтығы 30 минуттан болады.
Қазіргі таңда Шымкентте алғаш рет туристік полиция бөлімі құрылып жатыр. Оған Шымкент қаласы Полиция департаменті конкурс жариялап, мамандарды іріктеп алуда. Сосын қаламызда көлік көп, автотұрақтар мәселесі туындамас үшін Полиция департаментімен бірлесіп, әр ғи-мараттың алдында кезекшілік қоямыз.
Алдағы мамыр айында қаланың көрікті орындарын аралайтын арнайы туристік маршрут ашпақпыз. Қазір қоғамдық көліктердегі кондукторлардың киімі де бірыңғай етіп дайындалуда, олардың галстуктеріне дейін ерекше дизайнмен жасалмақ. Кондукторлардың мәдениетіне де бейжай қарамаймыз. Олардың ағылшын тілін меңгеруі бойынша арнайы семинар өткізбекпіз. Жалпы, қаладағы ірі іс-шараларға шет тілін жетік білетін волонтерлерді тарту да жоспарымызда бар.