Шымкенттік кәсіпкердің өлімі: Кінәлілер жазасын алды

262

Қанды қылмыс өткен жылдың 19-шілде күні күндізгі уақытта болған. Қаскөй кәсіпкердің көлігімен үйінің қақпасынан шыққанын аңдып тұрып, аңшы мылтықтың шүріппесін басқан. Ауыр жараланған 54 жастағы кәсіпкер ауруханада жан тапсырды.

Осы оқиғадан соң марқұмның бизнестегі серіктесі ұсталды. Тергеу барысында қылмыс нақ соның тапсырысымен жасалғаны әшкереленген.

Абсаттар Шахидинов, Шымкент қалалық Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы: «Тендерлік құрылыс жұмыстарына бөлінген және бөлінуі тиіс, қаржыға қатысты араларында туындаған жанжалға байланысты болған».

Елдің арасында дүрбелең тудырған қылмыстың соңғы нүктесі қойылды. Бір кәсіпкердің өліміне қатысты екі қаскөйдің ісіне судья үкім шығарды. Сонымен, қылмыстық іске тапсырыс беруші 37 жастағы Ержан Қалдыбаевты 15 жылға, ал 31 жастағы баскесер Бағдаулет Биходжаевты 17 жарым жылға бас бостандығынан айырды. Олар қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерінде өтеу тағайындалды.

Абсаттар Шахидинов, Шымкент қалалық Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы:»Биходжаевқа жазаларды толық қосу жолдарымен, оның қылмыстық жолмен сатып алған БМВ автокөлігі тәркіленіп, 17 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын, Қалдыбаев Ержан ҚК-нің 28-бабының 3- бөлігімен, 99 бабының 2-ші бөлігінің 7,8 тармақтарымен кінәлі деп танылып, 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын».

Ал, тыныш заманда ұлынан айырылған Жарылқап Алдабергеновтың әкесі бұл үкіммен мүлдем келіспейді.

Есіркеп Алдабергенов, марқұм кәсіпкердің әкесі: «Жалпы үкімге толық қанағаттанған жоқпыз.Тапсырыс беруші ол сорлы бізді де сорлатты. Бір елді жылатып отыр. Онымен қоса анау өлтірген сорлы баланың отбасын жылатып отыр. Оған 20-25 жыл беру керек еді».

Ал, кінәсін мойындамаған тапсырыс беруші сотта Ержан Қалдыбаев өлтіруді емес, тек қана қорқытуды тапсырғанын айтып ақталыпты. Сондықтан ол да үкіммен келіспейтін сияқты.

Ғалымжан Кенжебек