Шымкенттік полицейлер парақорлар тізімінде еліміз бойынша алғашқы үштікте

254

Шымкенттік полицейлер парақорлар тізімінде еліміз бойынша алғашқы үштікте. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қаладағы департамент басшысы шаһар басшысының алдында жыл қорытындысын жариялады.

Сөзінше, тәртіп сақшыларымен қатар қаламызда білім беру мекемелері, жер бөлетін жауаптылар да ауызбастырық алудан алдына жан салмай тұр.

«Шымкентте жемқорлық ауыздықталмай тұр». Алғы сөзін осылай бастаған Асхат Жұмағали бүгін әкім алдына қаланың ең жемқор басқармаларын тізіп берді. Қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының мәліметінше жемқорлар тізімін Шымкентте полицейлер бастап тұр.

Полицейлерден кейінге екінші орында жер қатынастары бөлімі. Өткен жылы мекеме басшының орынбасары 200 мың теңге парамен ұсталған еді. Араға бір ай салып орнына келген лауазымды қызметкер де әріптесінен артық болмаса кем емес екенін көрсетіпті. Ол өзіне дейінгі орынбасардан екі есе көп ақшамен қолға түскен.


Асхат Жұмағали, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы: «Осыған қарамастан басқармада ештеңе өзгермеген. Тіпті басшылардың ауысуы да жемқорлыққа тоқтау болар емес. Себебі жауаптылар тарапынан нақты іс-әрекет жоқ. Тіпті цифрландыру да пара алуға кедергі емес сияқты. Ал, жер қатынастары бөліміндегілердің жемқорлықпен күресі күнделікті жиналыспен шектеліп тұр».

  Назерке Үкібасова