Шымкенттік тұрғындар «Қуат жылу орталығын» сотқа бермек

387

Шымкенттік тұрғындар қаламыздағы «Қуат жылу» орталығын сотқа бермек. 16 шағын аудан тұрғындарының сөзінше оларға негізсіз айыппұл салынып отыр. Оның жалпы құны 36 мың теңге.

Өткен ай түбіртегіндегі бұл қаржыны даулаған жұрт алдымен орталықтың өзіне аттанды.


16 шағынаудандағы №39 үйдің тұрғындары бүгін қуат жылу орталығына жиналды. Олардың мұнда бас қосуының басты себебі төлем түбіртегіндегі айыппұл. Сөздерінше, осы айда бұл үйдегі 10 пәтерге негізсіз айыппұл салынған. Құны 36 мың теңгені құрайтын бұл қаржыны көрген жұрт байыз таппай бірден орталыққа келген.


«Біз бұл айыппұлды не үшін салғанын түсінбедік. Себебін анықтау үшін бүгін орталыққа жиналдық. Мұндағылар жертөледе құбырлардың заңсыз жүргізілгені үшін дейді. Тіпті оны тексеріп, жасы келген тұрғынға алдап қол қойғызып алыпты. Айтуларынша жылу құбыры кәріз құбырына жалғанған. Бұл жағдайдан біз хабарсызбыз. Бізге бір ауыз айыппұл салайын деп жатқандарын айтса, барлығын қалыпна келтіретін едік қой» дейді тұрғындар.


Осылай деп базынасын айтқан көпшілікті жылу беретін орталық жылы қабылдаған жоқ. Сөздерінше, мұнша айыппұлды орталық тұрғындарға тектен текке салмаған. Бар гәп жертөледегі құбыр жүйесінде екен. Тексеруге барған мамандар жылу құбырының кәріз жүйесіне жалғанғанын анықтаған. Бірақ, бұл заңсыздықты кім жасағанын тұрғындар білмейміз дейді.

Хадиша Байбақова, «Қуат жылу» орталығының өкілі: «Бізге осы ауданда жылу суының ысырап болып жатқаны белгілі болды. Сосын әр үйге барып тексеру жұмыстарын жасадық. Анықтағанымыздай үйде құбырлардың ауыстырылғаны белгілі болды. Тұрғындар бұл қулыққа үйдегі жылу жүйесінің ескіргенінен барған. Яғни, құбырлар ескіріп, онда қақ тұрып, су айналмай қалған. Ауа жіберу үшін осылай кәріз жүйесіне жалғаған. Бұдан бізге қаншама шығын болды».

Өз үйлерінде не болып жатқанын білмеген №39 үйдің тұрғындары енді кінәліні іздеп сотқа аттанбақ. Ал, «Қуат жылу» орталығындағы мамандардың сөзінше мұндай айла қаламыздағы тағы 22 үйден анықталыпты.

Назерке Үкібасова