Кезекшілікте болған түркістандық жедел жәрдем бригадасы клиникалық өлімге ұшыраған науқасты құтқарды. Облыстық жедел жәрдем қызметіне бейтаныс әйелдің қоғамдық орында құлап жатқаны туралы хабар келіп түседі. Құтқару тобы 7 минутта жеткен. Ес-түссіз жатқан әйелге дәрігерлер «клиникалық өлім» диагнозын қойыпты.
Медициналық қызметкерлер жүрек-өкпе жұмысын қалпына келтіру үшін тез шара қолданып, науқастың беті бері қарайды. Дәрігерлердің арқасында 41 жастағы әйел клиникалық өлімнен кейін тірілген. 2-ші топ мүгедегі денсаулығына қатысты дәрігерлік есепте тұрады. Өз міндетін абыроймен орындаған фельдшер Арман Сағидулат қобалжығанын жасырмайды.
«Өмір мен өлім арпалысын күнде көзбен көріп жүрген соң науқастарды құтқаруда бөтен ойға жол жоқ. Барлық күш-жігерімізді салып, дәрігерлік көмек көрсету менің міндетім, деп білемін. Әрбір құтқарылған жан мен үшін үлкен қуаныш»,-дейді Түркістан қалалық медициналық жедел-жәрдем қызметінің фельдшері.
Дәрігерлер науқасты санитарлық көлікпен ауруханаға жеткізген. Қазір оның жағдайы бір қалыпты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Жыл басынан бері облыстық медициналық жедел-жәрдем қызметіне 62 мыңға жуық шақырту түскен. 2 адамның өмірі нақты қаперден құтқарылды.