Бес экс-полицей сот залынан босатылды

187

Жүргізуші куәлігі мен көліктің мемлекеттік нөмірлерін сатқан 25 полиция қызметкері мен 13 делдалға қатысты аппеляциялық соттың үкімі шықты.

Бұған дейін прокуратура дәл осы қылмыстық істе сыбайлас жемқорлық бабы тыс қалғанын айтып, істі қайта қарау туралы аппеляциялық сотқа арыз түсірген еді. Қадағалаушы органның арызы қаншалықты ескерілді?

144 куәлік пен 330-дан астам көлікке құжат сатқан ұйымдасқан қылмыстық топтың ісін қараған мамандандырылған сот жауапқа тартылған 38 адамның төртеуін ақтап, тергеу кезінде абақтыда отырған мерзімін және Елбасы жариялаған рақымшылық аясында 23 адамды сот залынан босатқан еді.

Ал ҚР ҚК-ның үш бабы бойынша айыпталған әкімшілік полиция тіркеу-емтихан басқармасының бұрынғы бастығы Артықбек Жаппаров 11 жылға, бес бөлім басшысы 8 жыл мен 10 жыл аралығында бас бостандығынан айырылды. Алайда, прокуратураның бұл үкімге көңілі толған жоқ.

Берген Ержаппар, Шымкент қаласы прокурорының орынбасары: «Сот шешімін шығарарда күдіктілердің сыбайлас жемқорлық әрекеттерін назарға алмаған. Босап шыққандар енді өзге лауазымдарға ұсынылып, жұмысын жалғастырмақ. Біз бұған жол бермеу мақсатында қазіргі уақытта аппеляциялық алқаға шағым түсірдік».

Аппеляциялық сот алқасының төрағасы Ербол Жанғазин Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД Әкімшілік полиция тіркеу-емтихан басқармасының бұрынғы басшысы Артықбек Жаппаров пен 5 бөлім басшысына қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды. Тек олардың қарамағында қызмет еткен 5 полицейді жаза мерзімінің аяқталуына байланысты және Ел Президенті жариялаған Заңдағы өзгерістер мен толықтыруларды ескеріп, сот залынан босатты. Одан бөлек сотты болған экс-полицейлерді мемлекеттік қызметтен өмір бақи шеттету туралы шешім шығарды.

Ербол Жанғазин, Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі аппеляциялық сот алқасының төрағасы: «Бұлар қауіпсіздігі барынша төмен түзету мекемесінде жазасын өтеуі керек болған. Солардың күзетпен ұстауда отырған 1 күні – олардың 2 күні деп есептелді. Шектеу дегенді білесіздер, онда солай, 1 күн 2 күн деп есепке алынады».

Үкім шығарған аппеляциялық сот істің ауқымдылығына байланысты кассациялық сотқа талап-арыз беруге бір жыл мұрсат берді. Бұл – 12-наурыздан бастап алдағы 2021 жылдың 12-ші наурызына дейін. Ал, осы іс бойынша қылмыстық топтың басшысы ретінде сотталған Артықбек Жаппаровтың адвокаты бұл үкіммен де келіспей отыр.

Шымырбай Ағабеков, А.Жаппаровтың адвокаты: «Бұлардың қарамағындағы қызметкерлермен автокөлктерді тіркеуге алу кезінде я болмаса, автокөліктерді жүргізуге құқық беретін куәліктерді беру кезінде қандай да бір ақша алғандығы дәлелденбеген. Бұл туралы бірінші сатыдағы сотпен толығымен алынып тасталды. 2012 жылы осы Жаппаров осы қылмыстық ұйымдасқан топқа қатысты деген уақыттарда мүлдем бұл қызметте жұмыс атқармаған. 2012-2014 жылдар аралығында басқа қызметтерде болған. Я, болмаса жұмыссыз жүрген кезінде болған.  Бұндай жағдайда Жаппаров тарапынан қалай ол ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысушы деп айыпталып, жарияланады?».

Іс мұнымен де бітпеуі мүмкін. Өйткені сол кезде шетелден заңсыз әкелінген көліктер мәселесі экономикалық контрабанда ретінде бөлек тергеліп жатыр екен. Егер ол да дәлелденсе сотталғандардың жазасына қосымша мерзім жамалуы мүмкін.

Мөлдір Бекеева