Леңгір тас жолындағы көпір құрылысы қашан аяқталады?

188

 «Азық-түлік бағасын тұрақтандыруға қосымша қаражат қарастырамыз». Бүгін шаһардағы көтерме және бөлшек сауда орындарын аралаған қала әкімі Мұрат Әйтенов осылай деді.

Билік өкілдері азық-түлік қорын көріп, нарықтың бағамын байқады. Кей құрылыс нысандарында болған қала шаһар басшысы ондағы жұмыстармен де танысты.

Билік өкілдері қаладағы ең арзан азық-түлік сатылатын дүкенді аралады. Халық жиі тұтынатын 11 тауардың бағасын тұрақты ұстап тұру үшін биыл 800 млн. теңге бөлінген. Картоп, пияз, макарон, жарма, шекер, ұн сияқты күнделікті көп тұтынылатын өнімдердің бағасы қазір қатаң бақылауда дейді шенеуніктер.

Мәслихат мақұлдаса, бұл мақсатқа бөлінген қаржы ұлғайтылуы мүмкін. Қала әкімі қаланы 80 пайыз макарон өнімдерімен қамтып отырған кәсіпорынның жағдайымен де танысты. Мұнда ай сайын 4 мың тоннаға дейін кондитерлік өнімдер де шығарылады.

Айта кетейік, ай сайын қала халқы 1800 тонна макарон, 6-7 тонна ұн, 1500 тонна шекер тұтынады екен. Жауаптылар азық-түлік өнімдерінің қоры жеткілікті деп сендірді.

Шенеуніктер Шымкенттен Леңгірге шыға берістегі көпірдің құрылысымен де танысты. Жарты жылдан бері жөндеуге жабылған өткел осы аумақ арқылы қалаға қатынайтын жүргізушілерді мезі етіп келеді. Айналма жолмен өтіп уақыт оздырады. Көпірді кеңейтіп жатқан мердігерлер нысанды мамыр айында қолданысқа береміз деп сендірді.

Шымкенттегі темір жол вокзалын реконструкциялау жоспары да биыл басталады. Қазір жобалау сметалық құжаттары нақтыланған. Вокзалдың сәулеттік келбетін жақсарту жұмыстары бірнеше кезеңге созылуы мүмкін. Жобада осы аумақтағы көлік кептелісін реттеу үшін автотұрақтарды жүйелі орналастыру да қарастырылған.

Мақпал Рысбаева