М.Әйтенов қазандықтарды келесі жылу маусымына сақадай сай етуді тапсырды

203

 Шымкенттегі кей жылу қазандықтары сын көтермейді. Салдарынан үйлерге жылу жетпей қыста халық қиналады. Қала әкімі Мұрат Әйтенов бүгін нысандарда болып жөндеуді қажет ететін қазандықтардың тізімін жасап шықты.

«Спор»т шағынауданындағы тоқсан пайызы тозған қазандық әрең жұмыс істеп тұр. 66 көпқабатты үй мен 4 жеке сектор жылуды осыдан алады. Апатты деп танылмаса да сапасы сын көтермей тұрған нысанның бүгінгі жағдайымен танысқан қала әкімі күзде қазандықтың күрделі жөндеуден өтетінін айтты. Келесі жылу маусымына дейін нысан сақадай сай болуы тиіс.

Бүгінде шаһарда жылумен қамтитын 9 қазандық бар. Оның 5-уі ескірген. Солардың қатарында «Теріскей» шағынауданындағы 1989 қолданысқа берілген «Аудандық РК-3» қазандығы бар. 300 – ден астам көпқабатты тұрғын үйді жылумен қамтып тұрған бұл нысанды да жөндеу қажет. Бұл нысандарды күрделі жөндеу жылу сапасын арттырып, оның тарифін төмендетуге себеп болады, дейді коммуналдық қызмет өкілдері.

Жыл санап халық саны артып келе жатқан Шымкентті жылумен толық қамту үшін «Тұран», «Шымкентсити» шағынаудандарынан алдағы жылдары жаңа қазандықтар салынады.

Мақпал Рысбаева