Шымкентте доллар жеткілікті ме?

180

Қазақстан қауымы 8 наурызбен әуре боп жүргенде, әлемде бағалар соғысы басталып кетті. Сауд Арабиясы мен Ресей арасындағы кикілжің мұнай бағасының төмендеуіне әкелген. Салдарынан енді ғана гүл іздеп болған отандастарымыз ізінше доллар іздеп сабылды.

Астана мен Алматы қаласында көк қағаздар көзден ғайып болса, Шымкенттегі жағдай әзірге бірқалыпты. Мұнда АҚШ валютасын іздеп жүргендер қарасы аз.


Шымкенттегі ақша айырбастау орындарында осыған дейін 390 теңгеге дейін көтерілген ақш доллары бүгін 400 теңгеге бір-ақ жетті. Бұрын соңды болмаған бұл баға шымкенттіктерді еш қорқытпаған сыңайлы. Себебі айырбас пунктерінде доллар іздеп жүргендердің қарасы аз.

Шымкент қаласы тұрғыны: «Иә бүгін долларды теңгеге айналдыру үшін келдім. Керек болды. Сондықтан да келіп тұрмын. Бұл өзгеріс ешқайсымызға да оңай болмайын деп тұр. Заттар қымбаттайын деп тұр ғой».

Тіпті шымкенттік ақша айырбастау орындарының егелері де еш саспай отыр. Қорқатын ештеңе жоқ деген олар тіпті ешқандай өзгерістің байқалмайтынын айтады. Сөздерінше, сауданың күндегіден айырмашылығы жоқ. Дегенімен олардың көңіл күйінен өткен мерекенің ізі де байқалмайды.


Валюта айырбастау орнының иесі: «Саудамыз күндегідей. Ешқандай өзгеріс жоқ. Көріп тұрғаныңыздай кезек те жоқ. Жағдай орташа».

Ал, еліміздің өзге аймақтарында жағдай тіпті басқаша. Нұр -Сұлтан мен Алматы қалаларында күні кеше доллар сатылымда болмаған. Мұның барлығы өткен аптаның соңында Венада өткен ОПЕК кездесуінен кейін басталды.

Ресей Сауд Арабиясының мұнай бағасын ұстап тұру үшін өндірісті азайту ұсынысын қолдамаған. Осыдан соң Сауд Арабиясы “баға соғысын” бастады. Азия үшін мұнай бағасын барреліне үш-төрт долларға, АҚШ үшін жеті долларға дейін түсіріп жіберді.

Мұнай бағасының түсуінен Ресейде бюджет дефициті болып, рубль арзандауы мүмкін. Ал, Қазақстан Ресейдің экономикалық серіктесі әрі Мәскеу басқаратын Еуразиялық экономикалық одаққа кіреді.

Назерке Үкібасова