Шымкентте төтенше жағдайдың шектеулеріне бағынбаған 7 кәсіпкер қамауға алынды

259
қамау

Ел аумағында енгізілген төтенше жағдайға байланысты шектеулерге бағынбаған шымкенттік кәсіпкерлер жауапкершілікке тартылып жатыр. Тіпті соңғы 3 күннің ішінде әкімшілік құқық бұзушылыққа жол бергендеріне 49 хаттама толтырылып, 5-еуіне айыппұл салынған. 7 кәсіпкер қамауға алыныпты.

Қамалғандар қатарында «Астер-авто» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі автосалонның директоры мен «Алтын бұлақ» моншасының егесі және «Сұлтанбей» дәмханасының басшысы, «Кәусар» кафесінің әкімшісі, «Чарли Чаплин», «Тұман»  лоунж-барларының иелері де бар.

Руслан Заурбеков

Руслан Заурбеков, Шымкент қаласы прокуратурасының аппарат басшысы: «Жұмыс уақтына шектеу талаптарын бұзылуына жол бергендігі үшін 24.03.2020 жылы әкімшілік соттың қаулысымен «Астер-авто» ЖШС-не тиесілі автосалонының директоры 3 тәулік қамауға алу түріндегі әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Ал 26.03.2020 жылы осыған ұқсас бұзушылықтар үшін «Кафель» дүкенінің иесі 3 тәулік қамауға алу түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, «Каравай» асханасының әкімшісі 10 АЕК (26 510 теңге) көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жауаптылыққа тартылды».

Сондай-ақ, миллионды қаладағы қадағалаушы орган жалпы құны 5 миллион теңгеге жуық 26 мың 500 дана медициналық бетпердені заңсыз сатудың 3 жәйтін анықтап отыр. Қазіргі уақытта тиісті материалдар әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін Мемлекеттік кірістер департаментіне жолданыпты.

Осы орайда, Шымкент қаласының прокуратурасы төтенше жағдай режимін бұзу деректері бойынша 115, +7 7252 53 91 84, +7 777 402 32 98 байланыс нөмірлеріне немесе қала прокуратурасына (Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы №97) шағымдануға болатынын хабарлайды.

Мөлдір Бекеева