Шымкенттегі «Қазыбек би » көтерме базарындағы санитарлық жағдай сын көтермейді

280

Шымкенттегі «Қазыбек би » көтерме базарындағы санитарлық жағдай сын көтермейді. Бүгін көкөністер мен жеміс-жидектің көтерме бағасымен танысу үшін сауда қатарларын аралаған нұротандықтар жайсыз жағдайға тап болды. Үйілген қоқыстар мен ашық-шашық сатылып жатқан тағамдарды көрген партия өкілдері базар басшыларына ескерту жасады.

Базардың кіреберісіндегі жағдай тәп-тәуір. Кірген-шыққан көліктер дезинфекцияланып, антисанитарлық шаралар жасалып жатыр.

Ал базардың қақ ортасындағы көріністің сыйқы мынау. Тез бұзылатын салаттар мен тұздалған көкөністер ашық-шашық сатылып жатыр. Жеміс-жидектер көтерме бағамен сатылып жатқан сауда қатарларында қоқыстар әр жерде үйіліп жатыр. Ешкімнің жан-жағына қарауға шамасы жоқ. Сауда қызған шақ. Тіпті базардың қақ ортасында алшаң басқан итті де ешкім елейтін емес.

Ал кейбір саудагерлер бетперделерді есертулерден кейін ғана киіп әлекке түсті. Дегенмен, базар иелері елімізде төтенше жағдай жарияланғалы сатушыларға тазалық сақтауды қатаң ескертіп келеміз дейді. Айтуларына қарағанда, базар басшыларымен келісім жасасқан қоқыс тазалайтын мекеме өкілдері дер кезінде қызмет көрсетуге келмейді екен.

Құралай Күздеуова, базар қожайыны: «Түс қайта базарды жинаймыз, тазалаймыз, 4-5 те жүк көлігі келіп қоқысты алып кетеді. Кейін хлормен тазалаймыз. Біздегі проблема осы, әкетпейді қоқысты. Өзіміз жалдаймыз. Бізбен келісім жасасса да қоқысты шығармайды».

Көтерме сауда орнында төтенше жағдайға байланысты енгізілген шектеулер де сақтала бермейді екен. Себебі, базардың саудасы түнде қызады. «Әкімдіктегілер рұқсат берген» дейді базар басшылары.

Құралай Күздеуова, базар қожайыны: «Бізде түнгі базар. Саудегерлер түнде келеді түнде де таңертең де келеді, сатады. Кім рұқсат берді? Жағдай сондай».

«Штабтан рұқсат бар ма?» деген сұраққа базар басшысы «ия» деп жауап берді.

Базардың санитарлық ахуалына қаныққан партия өкілдері жауаптыларға ескерту жасады. Базар басшыларына саудагерлермен түсіндіру жұмыстарын ұдайы жүргізіп отыруды, төтенше жағдай кезінде тазалыққа аса мән беруді ескертті.

Бахадыр Нарымбетов ,»Нұр Отан» пратиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары: «Сауда орындарында тазалық сақталуы керек. Бетпрде жоқ деген сылтау ғана. Сатушылар дәкені орап алса да болады. Біздің тұрғындар қауіпсіздікті әлі де түсінбей жатыр. Бірақ, базар басшылары мұны түсіндіріп отыру керек».

«Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов бастаған топ сауда қатарларын аралап көкөністер мен жеміс-жидектің бағасын көріп шықты. Жылда маусым кезінде бағасы құбылатын картоптан басқа өнімдердің нарқында өсу байқалмайды.

Мақпал Рысбаева

Мақпал Рысбаева