42 500 теңгені қайтару: Адвокаттар не дейді?

356

 

«Үкімет үшін азаматтардан 42 500 теңгені қайтару оп-оңай». Оның жолы көп. Шымкенттік заңгер осылай дейді. Жәрдемақыны заңсыз алғандар тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Сондықтан да өзін осы санатқа жатқызған азаматтар алған қаражаттарын кері қайтаруға асыққаны жөн. Бұл төтенше жағдай кезіндегі мемлекеттік қолдауға қатысты пікір білдірген заңгерлердің кеңесі. Ал билік басындағылар не дейді?

«Беріп тұрғанда алып қалайық». Осындай оймен талай тұрғын төтенше жағдай кезінде табысынан айрылмаған болса да, жәрдемақыға өтініш беруге асықты. Өтінімнің жеңіл жолмен яғни, онлайн түрде рәсімделуі де азаматтардың бұл әрекетке ойланбастан баруына себеп болғаны жасырын емес.

Ондайлардың жауапқа тартылуы туралы әлеуметтік желіде пайда болған заңгерлердің жазбасынан соң біраз адамнан маза кетті. Егер билік шындап тексерсе алған қаржыны қайтарып қана қоймай, жауапқа да тартылуы мүмкін. Ол жауапкершілікті сол төлемді алу кезінде тұрғындардың өздері мойнына алған.

Шырымбек Аңғарбаев, адвокаттар алқасының мүшесі: «Бұл жағдайда бар жауапкершілік өтініш иесіне қатысты болады. Осыған дейін талай рет түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мамандар талаптарды түсіндірді. Соны ескеру керек. Ескермегендер ҚР ҚК бойынша алаяқтық бабымен қылмыстық іс қозғалады».

«Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі 42 500 теңге алғандарды соттайды екен» деген әңгімеге жауап берді. Біржан Нұрымбетов төтенше жағдай болмаса да, халықтың басым бөлігінің табысы төмен екенін, сондықтан қарапайым, таза халықты артынан ешкім тексеріп жатпайтынын қадап айтты.

Facebook-тегі парақшасында «Халық 42500-ге өтінішін еріккеннен беріп отырған жоқ» деген министр әлеуметтік төлемді заңды жолмен алғандарды ешкім сотқа сүйремейтінін мәлімдеді.

Біржан Нұрымбетов, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі: «Мен брифингтерде, жазбаларымда айтқандай, өздеріңіз «мен жұмыс істеп (ресми, бейресми), ақша тауып жүр едім, төтенше жағдайға байланысты сол табыстан айырылдым» деп шештіңіздер ме? Кейін мен ескерткендей, өтініш беретін кезде төмендегі жазбаны тағы да оқып, растап, сөйтіп барып өтініш жібердіңіз бе? Ондай болса, Сіз айттыңыз, біз сендік. Сіз алдаған жоқсыз. Біз тағайындадық, төледік. Сол үшін кінәлайды деп еш уайымдамаңыздар».

Десе де бұдан былай жәрдемақыны алатындардың қатары азаяды. Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы жәрдемақы тағайындаудың жаңа өзгерістерін жариялады. Төтенше жағдай енгізілгенге дейін міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаған азаматтар, бейресми түрде өзін жұмыспен қамтушы азаматтар әлеуметтік төлемге өтінім берер алдында бірыңғай жиынтық төлем төлеу керек.

Сондай-ақ, карантин енгізілгеннен кейін төлемді алғаш төлеген азаматтар зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақыларды алатын болса бұл көмектен қағылады. Басқа елге тұрақты тұруға көшуге байланысты тіркеуден шығарылған адамдарға да төлем төленбейді. Айта кетейік, кей банктер төтенше жағдай кезіндегі көмекті кері қайтарудың тетігін әлден-ақ іске қосып қойған.

Мақпал Рысбаева