Бейбіт өмір сыйлаған майдангерлер әрқашан құрметке лайық

257
ҰОС ардагері Қадыр Атажанов

«Ер есімі – ел есінде». Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлердің қатары күн санап сиреп барады. Бүгінде Шымкентте небәрі 40 ардагер қалды. Еңбекші ауданында өмір сүріп жатқан он ардагердің бірі – Қадыр  Атажанов.

Жеңістің 75-ші көктемін Ұлы Отан соғысының ардагері Қадыр Атажанов отбасымен бірге тойлайды. Себебі, елімізде төтенше жағдай режимі 11-ші  мамырға дейін ұзартылды. Сұрапыл соғысқа 1942 жылдың соңында 17 жасында өз еркімен аттанған жерлесіміз жаяу әскерлер құрамында Батыс-Украина майданында шайқасқан. Белорусия, Польша, Еуропа мемлекеттерін неміс басқыншыларынан азат еткен жауынгер Кеңес Одағы халқына қатер төнген күнді әлі күнге дейін ұмыта қойған жоқ.

Соғыс аяқталғанымен, майдангер Қадыр Атажанов әскери қызметін Украинада жалғастырды, бандерлермен күресті. 1948 жылы елге оралған ол көп ұзамай теміржолшы болып жұмысқа орналасады. 40 жыл еңбек етіп, абыроймен зейнеткерлікке шығады.

Қадыр ата келіні Гұлбахормен ауласында

Қазіргі таңда кенжесі Алым мен келіні Гүлбахордың қолында. 30-ға жуық немерелері бас қосқанда, айтар тілегі бір – ел тыныштығы.

Өкінішке орай, майдангерлердің қатары күн санап сиреп барады. Шымкентте тұратын 40 ардагердің көпшілігі төсекке таңылған. Ғасырға жуық ғұмыр сүріп келе жатқан ардақты аталарымыз бен апаларымыз құрметке лайық. Олардың ерлігі – мәңгілік.

«Төтенше жағдай болса да, 9-шы  мамырда бірде бір ҰОС ардагері, тыл еңбеккерлері назардан тыс қалмайды. Олардың үйлеріне барып құттықтаймыз. Жақында 10 соғыс  ардагері мен тыл еңбеккерлеріне 50 мың теңгеден табыс еттік»,- дейді  Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Досалы Амангелдиев.

Айта кетсек, ел президенті бірде-бір соғыс ардагері, олардың жесірлері және тыл еңбеккерлері өздерін мемлекет назарынан тыс қалатын жағдайда сезінбеуі тиіс екенін айрықша атап өтті. Осыған байланысты ардагерлерге сый-құрмет көрсету мен марапаттау, барлық майдангерлерді баспанамен қамтамасыз ету, сондай-ақ тұрып жатқан баспаналарына жөндеу жүргізу жергілікті әкімдіктерге жүктелсін,- деп нақтылады мемлекет басшысы.

Шынар Оразова