Түркістандық кәсіпорындар төтенше жағдайда да үзіліссіз жұмыс істеуде

299

 

Түркістан қаласында орналасқан «Яссы құрылыс» ЖШС-на қарасты «Ақжол» нан зауыты төтенше жағдай кезінде де барлық сақтық шараларын сақтай отырып, штаттық режимде жұмыс істеуде. Наубайхана тәулігіне 28 тонна нан өнімдерін өндіреді.

Бір күнде сатылымға 50 000 дана нан жөнелтеді. Кәсіпорын облыс орталығындағы сұранысты 80 пайыз қамтып отыр. Жалпы наубайханада 10 адам жұмыс істейді. Орташа жалақы – 50 мың теңге. Цехтағы нан пісіретін чехославиялық жабдықтар толық автоматтандырылған. Серіктестік иесі Насиба Атаеваның айтуынша, наубайхана алдағы уақытта нан өнімдерінің түрін арттыра бермек.

Бұдан бөлек, Түркістан қаласы, Ораңғай ауылдық округіндегі жұмыртқа өндірумен айналысатын «Яссы құс» шаруа қожалығы жұмысын жалғастырып келеді. Жобаның жалпы құны – 120 млн теңге. Кәсіпорында 12 адам жұмыспен қамтылған. Фабрика жылына 6 млн дана жұмыртқа өндіреді. 2018 жылы іске қосылған жоба 4 гектар аумақта орналасқан. Шаруа қожалық алдағы уақытта тауық санын арттырып, өнім қуаттылығын көбейтпек.

 

QAINAR KÓZ Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі