«Қызымның күйеуге тимей қалуынан қорқамын»

324

Қыз баланың еркекшора болып өсуіне не себеп? Тек ұлдардың арасында бойжетуі басты себеп бола ала ма? Жігіттермен әңгімесі жарасып, қыздармен араласпауы психологиялық тұрғыдан дұрыс па? Жалғыз қызының бойындағы еркекшора қасиеттерінен қорыққан ана редакцимызға хат жазып, психолог кеңесіне жүгініпті. Хат иесінің жазбасын қаз-қалпында жариялауды жөн көрдік.

Сәлеметсіздер ме?
4 баланың анасымын. Жолдасым екеуміздің 3 ұл 1 қызымыз бар. Отбасымызбен бақытты күндеріміз өтіп жатыр. Балаларымыздың ешқандай жаман қылықтарын көрген емеспін. Ауылды жерде тұрамыз. Әкесі екеуміз балаларымызға жақсы тәрбие беру үшін барымызды салып келеміз. Мені алаңдатқан бір жағдай бар. Үш ұлдың ортасында өскені болар қызымыз тура ұл сияқты. Жүріс-тұрысы, киім киісі, сөйлеген сөзі құдды ұл балаға тән.
Әрекеттерінің өзі сондай. Шашын өсіргенді қаламайды. Қып-қысқа қылып жүреді. Әлі күнге солай. Үлкен 2 ұлым оқуларын аяқтап, отбасын құрып үлгерді.
Олардан кейінгі қызым жеңгелерімен де сөйлесіп кетпейді. Қызым бой жетіп қалды. Сол үшін қатты уайымдаймын. Ағаларымен ойнап өскендіктен алғашында бұл қылығына мән бермедім. Уақыт өте келе айтқанымнан еш нәтиже де шықпады.
Қызым: «маған осылай жүрген ыңғайлы, менің таңдауыма араласпаңыз» деп айтады. Шашын өсірген емес. Көйлек атаулыны да кимейді.
Қанша рет «қызығып қалар» деген ниетпен көз жауын алатындай тамаша көйлектер, қыз баланың әдемі киімдерін алып бердім. Олардың ешқайсысын тым болмаса киіп те көрмейді ғой. Ақыр соңында сіңлімнің қыздарына беруге тура келеді.
Тағы бір қызығы ол сыныбында қыздармен де көп араласа алмаған. Көбіне жігіттермен әңгімесі жарасады. Мектеп оқып жүрген кезінде кластас қыздарды үйге шайға шақырушы едім. Олардың құрбысы мен сияқты менімен бірге шай ішіп отырып қайтатын. Сабақ үлгерімі жаман болған жоқ. Жап-жақсы оқыды. Кішкентайынан спорт мұғалімі болғысы келетін. Қазір ойлаған мамандығы бойынша қызмет етеді. Сыртынан, түр-тұлғасына қарап жігіт деп ойлайсыз. Оның қыз екенін тек оны жақын білетін адамдар ғана білетін шығар. Қазір жасы да келіп қалды. Тұрмыс құрғанын қалаймын.
Мені уайымдататын бір жағдай – бұл қыз неге бұлай болды? Мен қай тұста қандай қате жібердім? Барынша қыз сияқты тәрбиелеп өсіруді қаладым. Қыздардың қызығатын дүниелерінің бәрін алып беруге тырыстым. Ол әрекеттерімнен ештеңе шықпады. Мен қызымды «қыз» деген атқа лайық қылу үшін талпынған сайын әкесі маған үнемі ұрсатын болды. Баланың таңдауы, өскенде өзі-ақ қыз болады. Қазір ештеңе айтпа» деп үнемі мені тоқтатып, тыйып салып отырды. Әкесі тарапынан өзіне қолдау көрген болар менің айтқандарымды тіпті де тыңдамайтын болды. Ол тек сіңлімнің өзімен тетелес қызымен яғни бөлесімен ғана тіл табыса алатын. Басқа араласатын адамдарының бәрі – жігіттер. Кішкентайынан спортқа жаны жақын болды. Жүгіріп, ауыр бір заттарды көтеріп, өзінің сүйікті ісімен айналысқанды жаны сүйетін.
Тағы бір қызық жағдай айтайын, ол мектеп қабырғасында қыздарды көп ұратын. Қызымнан зәбір көрген балалардың ата-анасы табалдырығымызды тоздыратын. Күнім солардан кешірім сұраумен өтті. Ағалары мен інісі ешқашан бұзық болмады. Ал енді үй шаруасын жаны кіріп атқарады. Тазалықты жаны сүйеді. Үйді таза ұстап, ағаларының киімдерін жуып, тамақ істеуді қатырады. Бұл жағынан менен сын естіген кезі болған емес. Мен базарда жүргенімде, інісінің барлық жағдайын жасап, оған анасы сияқты қарады. Үнемі шай-тамағымызды жасап, күліп қарсы алатын. Алайда әрекеттері, қылықтары тура жігіт дерсің. Істеген тірлігі «қыздың жинаған жүгіндей» десем артық емес. Әдетте сыртқы келбеті жігітке ұқсаған қыздардың істері салақтықты байқатып тұрады ғой. Менің қызым олай емес.
Қазір жасы келді. Тұрмысқа шығу жайлы әңгіме болса, әңгімені сол жерде тоқтатып салады. Ешқашан тұрмыс құрып, жар атанғысы келмейтін сияқты сезіледі. Бұл ой менің жанымды жегідей жеп барады. Ол қыз баласы ғой. Ел қатарлы күйеуге шығып, ана атанғанын қалаймын.
Ол қыдырса да жігіт достарымен бірге қыдырады. Мектепте оқушылары «ағай» деп атайды екен деп те естіп жатырмын. Оны туысқандарымыз, таныстарымыз маған күліп жеткізеді. Бірақ бұл күлетін нәрсе емес қой. Олар маған күліп айтқанымен, менің жаным ауырады. Екі жеңгесі шүкір өте жақсы адамдар. Менің қолымнан келмеді, енді сендер тәрбиелеп, өзіне лайық болып жүруін қадағалаңдар деп солардың қолына тапсырсам да олардың да қолынан ештеңе келмеді. Жеңгелерімен тіпті жақын араласпайды. Олардың қайын сіңлісі емес қайны сияқты. Ағалары да қанша рет сөйлескісі келді. Бірақ ол тыңдамады. Соңында үнемі оның сыртқы келбетіне қатысты әңгіме болса, үйден кетіп, бөлек тұруға шешім қабылдады. Қазір қызымды үйге қайтара алмай жүрмін.
Қыз баланың жігіт сияқты жүруіне не әсер етеді? Тек қана ұл балалардың ортасында өсуі себеп пе?
Мен бұл жайдайды себеп деп ойламаймын. Өйткені талай танысымыздың, туысқанымыздың өңшең жігіттер арасында өскен жалғыз қыздары атына заты сай-ақ өсіп келеді. Мүмкін кішкентай кезінде мен байқамаған бір жағдай болды ма?
Мүмкін маған қарап бой түзеген шығар деп ойласам, мен әйелдік нәзіктігімді сақтап ақ келдім. Қызымның көз алдында жігіттер сияқты сөйлеп, солар сияқты киініп, басқаша әсер қалдырмадым. Сол себепті де таң қаламын. Тым болмаса қызым менімен ашық сөйлесіп, мұндай болуының себебін де айта айтқан емес. Онымен қанша рет ашық сөйлесуге тырысқаныммен, ойлағанымдай нәтиже шығара алмадым. Ол менен гөрі әкесімен жақсы тіл табысады. Әкесімен сөйлесіп, соның қасында машиналар жайлы әңгіме айтып жүргенде бақыттырақ болатын сияқты. Кейде, шынымен қызымның таңдауына қарсы шығып жүрмін бе деп те ойлаймын. Дегенмен де мен ең алдымен анамын ғой.
Ана болғандықтан оның болашағына қатты алаңдаймын. Мүмкін менің басымдағы жағдайды жеңіп шыққан адамдар да бар шығар. Психологтардың кеңесіне де неше түрлі адамдар жүгінеді ғой. Сондықтан да маған да бір көмегі тиіп қалар деген оймен хат жаздым. Мен қызымның таңдауына құрмет көрсетіп, жайына қалдыруым керек пе, әлде оның өзгеруі үшін әлі де күресуім қажет пе? Қазір қыз немерелерімді кішкентайынан тәрбиелеріне қатты мән беретін болдым. Егер қызымды жайына қалдырсам, мүмкін өзгере жатар. Қазір ол маған қырсығатын шығар деген ой да бар.
Енді сіз не дейсіз, психолог ханым?

Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат», №23-24, 10 маусым 2020 ж