Бозарық-1 елдімекеніндегі электр жүйесінің күтімі кәсіпкерлерге тапсырылмақ

125

Қаратау ауданына қарасты Бозарық – 1 елдімекенінде электр жүйесі жаңаланғанымен электр тарату бекетінің жұмысын қамтитын құрылғылар қолды болып, елдімекенді электр жарығымен қамтуда кедергілер жиілеп кетіпті.

Қала билігі бұл мәселенің шешімін оңтайлы шешудің жолын тапты. Енді мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында электр жүйесінің күтімі және жұмысын қамтамасыз етуге кәсіпкерлер тартылмақ.

Бозарықтықтардың басы қосылса, электр жарығы жайын әңгімелейді. Әсіресе, жазда күн тәрбінінен түспейтін мәселеге айналады дейді тұрғындар. «Электр жарығымыз өшіп қалса, қалалық диспетчерлік қызметіндегілерге тынбай қоңырау шаламыз. Мамандар келіп жалғап кетеді. Жаңа жүйеде бір ақау бар әйтеуір» дейді Ізтілеу Балағазы

Ізтілеу Балағазы, Бозарық -1 елдімекенінің тұрғыны: «Жарық жиі өшіп қалады. мұздатқышымыз бар. Қыста жылуымыз бар. Жер астынан кабель жүргізді. Өте әлсіз дейді біреулер. Трансформаторда ана жолы бір сым үзіліп. Бір жерде кесілді дей ме, сым жақсы жалғанбаған  дейді ме? Біздің өтінішіміз барлығын дүрыстап жасап берсе».

Шымкент қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасындағылар тұрғындардың бұл мәселесіне қанық. Елдімекенді сапалы электр жарығымен қамту бағытында екі жыл бұрын құрылыс жұмыстары жүргізіліп, құны 600 млн-ды құраған нысан пайдалануға тапсырылған. Алайда көп ұзамай электр тарату бекетіндегі құрылғылар ұрланып, электр жарығымен қамтуда келеңсіздіктер пайда болыпты.

«Тарату бекетінде «микон» деген ең қажетті  құрылғысы  ұрланған. Оны мердігер өз есебінен қайта орнықтырып, өшкен кезде бізде өз тарапымыздан әрекет жасағанбыз. Мемлекеттік жүйелерге бүгінгі таңда қызмет көрсететін мекеме жоқ. Арыз көп болған соң комиссия счетная комиссия тексерді», дейді  қалалық энергетика және коммуналдық шрауашылық басқармасының өкілі  Нұрлан Жаманкөз.

Электр жүйесінің жұмысын қадағалайтын және күтіміне жауапты мекемені шенеуніктер мемлекеттік жекешелік әріптестік арқылы шешуді ұйғарыпты.

Нұрлан Жаманкөз: «Кәсіпкерлер ұсыныспен шыққан еді, олар күтіп ұстап осындағы елдімекенді электр жарығымен үздіксіз қамтуды ұйымдастырмақ. Бұл МЖӘ арқылы жүзеге аспақ».

Қазіргі таңда қаланың іргесіндегі Бозарық-1 елдімекеніндегі тұрғындар тұтынған электр жарығы үшін 1 киловат/сағатына 14 теңге шамасында және 70 киловаттан артық тұтынса диференциалды тарифпен төлем жасайды. Басқармадағылар электр жүйесін күтіп-баптау кәсіпкердің қадағалауына өтсе де тариф сол баяғы күйінде қалады деп сендірді.

Шынар Оразова