«Келінім бәрінен түңілген ұлымның өмірге құлшынысын оятты»

138

Редакциямызға хабарласқан кейіпкер мүмкіндігі шектеулі ұлын бағып-қағып, отбасына шаттық сыйлап отырған келініне алғыс айтады. Кейіпкердің сөзінше, келіні ұлын «енді ешқашан үйленбеймін» деген уәдесінен айнытқан. Шын махаббаттың бар екеніне үндеп, мейірім жоғалмағанын жазған ана Жаратқаннан ешқашан үміт үзбеуді қайта-қайта айтты.

Сәлеметсіздер ме!
Ońtústik Rabat газетіндегі «Тағдыр» айдарының тұрақты оқырманымын.
Газеттегі сан түрлі хикаяны оқып, кейде кейіпкердің өміріне налып қайғырамыз, кейде олардың қиындықты жеңіп, алынбас қамалды бағындырғанына қуанамыз.
Шынымды айтсам, мені де ұлымның болашағы қатты алаңдататын. Егер өзім өмірден өтіп кетсем, «жалғызыма кім қарайды» деген үреймен күн кештім.

Әңгімені әріден бастасам…

Күйеуім екеуіміз бақытты өмір сүрдік. Мен 30 жастан асқанымда тұрмысқа шықтым. Күйеуім де кеш отбасын құрған жандардың бірі. Ортақ таныстарымыз арқылы таныссақ та бір-бірімізді ұнаттық. Жан-дүниемізді түсіне білдік.
Ол мені қатты құрметтейтін, сыйлайтын. Ешқашан қол көтерген емес. Боқтанып, былапыт сөз айтқанын естімедім.
Жуас, ешкіммен араласа бермейтін жан. Көлік жөндеп, нәпақасын табатын. Үйленген соң ұлды болдық. Қуанышымыз қойнымызға сыймады. Жағдайымыздың жеткенінше той жасадық. Туысқандарымыз, ауылдастарымыз бәрі бізді қолдады. Қуанышымызға ортақ болды.
Неге екенін қайдам, тұңғыш ұлымнан кейін перзент сүйе алмадық. Қатты уайымдаған жоқпыз. Аурухана жағалап кетпесек те біраз дәрігерге қаралдым. Бірақ бала көтермедім.
Бұған аса бір уайым етпей, «Жаратқанның берген жалғызына жақсы тәрбие беріп, соның қызығына бөленсек» деп тіледік. Ұлымыздың болғанына шүкіршілік еттік.
Осылайша уақыт зымырап өтіп жатты. Баламыз 15 жасқа толғанда жан жарым кенеттен жүрек талмасынан қайтыс болды. Бұл отбасымызға ауыр соққы боп тиді. Есімізді жинай алмай қалдық.
Алайда ұлымды ойлап өзімді қолға алдым. Сол кезге дейін еш жұмыс істемеген едім. Енді жұмыс істеуім керек болды. Маған ыңғайлы, табысы орташа жұмыс таптым. Бастысы басымызда баспанамыз болды.
Марқұм әкесінің баласына жинаған азды-көп қаржысы бар еді. Ұлым мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына грантқа түсті.
Университетті жақсы оқып, мұғалім мамандығы бойынша дипломын қолына алды. Сол кездері бір қызбен көңіл қосып жүрген екен.
Маған үнемі: «сені келініңмен таныстырамын, мен үйленген соң келініңнің күтімінде боласың» деп айтатын.
Неге асыққанын қайдам, оқу бітірген соң, сол қызбен мені таныстырмай жатып бірден үйленді. Қыздың аяғы ауыр екенін үйленген соң барып білдік.
Ауламызда беташар жасап, шамамыз келгенше лайықты той жасадық. Шынымды айтсам, келінім маған бір көргеннен ұнамады. Әйтеуір көргенсіз жердің қызы сияқты сезілетін.
Ұлымның таңдауына құрметпен қарап, «уақыт өте келе алғашқы ойым өзгереді» деп тіледім. Бірақ жаңылмадым.
Ол қызға біздің тұрмысымыз ұнамады. Ұлымды алып, Алматыға кеткісі келді. Баламның «кетсек анамды да алып кетеміз, әйтпесе осында қаламыз» деген сөзі ұнамады. Олардың арасында осы себепті де ұрыс-керіс жиілей бастады.
Бір күні таңертең оянғанымызда келініміздің немеремізді алып, үйден кетіп қалғанын білдік. Балам қатты ашуланды. Оның артынан бармайтынын айтып, айтқанынан қайтпай жүріп алды.
Дегенмен мен немеремді, ол баласын сағынды. Сонда да әйеліне деген реніші басым түскендей сезілді. Сөйтіп жүріп, балам бір күні іс-сапармен Астанаға кетті. Сол жақтан қайтар жолда оның және менің өміріме үлкен қасірет орнады. Пойызбен қайтып келе жатып, түсетін жеріне жақындағанда заттарын жинастырып үлгермеген.
Отбасындағы проблемасы бар, көп ой үстінде жүретін еді. Жанындағы адамдар қозғала бастағанда есін жиып, заттарын жинастырып түспек болғанда, пойыз ақырындап қозғала бастаған. Уақыт өткен сайын жүрісі жылдамайды. Балам есіктен заттарын лақтырып, кейін өзі секіріп, жерге түсіп, орнынан қайта тұра алмады.
Омыртқасы сынып, жүре алмай қалатынын қайдан білсін. Әдетте көп жас солай жасайды ғой, бірақ ұршық менің ұлыма тиген екен.
Өмірімізде нағыз қасірет енді орнады. Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан қалдық. Менің жанарымнан жас кетпеді, бірақ ұлыма білдірмедім.
Оның да қатты сағы сынды. Өмірге деген құлшынысы жоғалды. Адамдармен сөйлеспей тұйықталып қалды. Не қалайтынын тек маған ғана айтады. Менімен ғана сөйлеседі. Осылайша жылаумен бір жарым жыл өтті.
Бір күні келін басқа біреуге тұрмысқа шығатынын айтып, немеремді бізге беруге келіпті. Біз қуана қарсы алдық.
Оның өз баласынан да жеритінін білген едім. Ойымнан жаңылмадым. Немереміз келіп, оның бізге үйренуіне де біраз уақыт кетті. Дегенмен сәбидің шат күлкісі шаңырағымызға жылу әкелді. Балам ұлын искеп, оған қараған сайын өмірге деген құлшынысы артты, бірақ қолынан ештеңе келмейтініне қатты қынжылатынын айтып егілетін.
Осылайша жабырқап жүрген жанымызға келесі келінім шуағын шашып келіп, өмірімізді 180 градусқа өзгертті.
Балама достары жиі келіп тұратын. Арасында олармен бірге жылы жүзді қыз да келетін еді. Сыныптас қызы екен.
Отбасылық жағдайына байланысты тек колледж оқыған. Ары қарай білімін жетілдіру үшін талпынып жүретінін еститінмін. Естуімше бір сыныпта оқып жүрген кезінен-ақ менің ұлымды ұнатқан екен.
Оның басына түскен жағдайға қатты уайымдап, бірде болмасын, бірде көмектесуге келіп жүреді. Қыздың ұлыма деген сезімін сезген достары ол екеуін көбіне жалғыз қалдыруға тырысатын. Осылайша екі баламның арасында сезім пайда болып бір күні маған қуанышты жаңалықтарын айтты.
Оның сыпайы болмысы, немеремді құшырлана иіскеп, сүйетіні ет-бауырымды елжіретті. Осындай келінім болса деп армандап та қоюшы едім. Жаратқан тілегімді қабыл етті. Дәл сол қыз менің келінім атанды.
«Ешқашан үйленбеймін, маған кім қарайды?» деп өзін тастап жіберген ұлымның ойын да өзгертті. Оны махаббат бар екеніне сендірді.
Баламның жүзіне күлкі ұялап, өмірге құлшынысы артты. Әкесі сияқты қолөнерге жақын болатын. Сол қыры ашылып, әртүрлі ағаштан ыдыс-аяқ жасап, тапсырыс қабылдай бастады.
Қыз ата-анасының қарсылығына қарамастан отбасын құрды. Қазір екі құлыным өте бақытты.
Үш немерем бар. Біріншісін өз балаларынан еш айырып қараған емес. Қайта «үйдің тұңғышы» деп әр отбасындағы тұңғыш балаға арналар құрметті көрсетіп келеді.
Енді өліп кетсем де арманым жоқ, өйткені, шаңырақты көзімді жұмып сеніп, қалдырар келінім бар. Өзі жұмысына да барып келеді. Балам екеуі тойға да, демалысқа да барады. Ел қатарлы өмір сүріп жатырмыз.

Айтпағым, адамдар болмашы мәселені ауыр қабылдап, содан кейін өмір жоқтай қиналады ғой.
Иә, біз үшін де алғашқы жылдары сондай болды. Бірақ мен ешқашан Жаратқаннан үмітімді үзбедім. Жақсылық болуын, бақыт орнауын күттім. Жақсылық та жетіп, бақыт та орнады.
Адамдар арасында шынайы махаббат та, сенім де, мейірім де бар. Тек соны көре білу керек.

Жазып алған – Ж.Хумар

«Оңтүстік Рабат», №26, 24 маусым 2020 ж