Күнге күюдің қаупі

232

Жаздың бірінші айы да бел ортасынан асты. Алдымызды шіліңгір шілде келе жатыр. Жаз мезгілінің күшіне мінетін шағы. Атам қазақ бұл айды: «шілденің шіліңгір ыстығы» деп бекер айтпаса керек-ті. 40 күн бойы ми қайнатар ыстық болады. Шіліңгір шілдеде күн сәулесінен қалай сақтану керек? Теріні ыстық ауадан қалай қорғаймыз? Осы сауалдарға Түркістан облыстық тері-венерологиялық диспансері, емхана бөлімінің меңгерушісі, дәрігер- дерматовенеролог Райхан Ақтаева жауап берді.

ЕҢ ЖИІ КЕЗДЕСЕТІНІ – ФОТОДЕРМАТИТ

– Күнгейде ауа температуарсы +40, кейбір жерлерде одан да жоғары көтерілуі ықтимал. Жұрттың мұндай аптап ыстықтан біршама қиналатыны бар. Әсіресе, егде жастағыларға, жүрек-қан тамырлары, қалқанша без ауруларына шалдыққандарға күн көзінде ұзақ жүру қауіпті. Күн сәулесі балалар үшін де зиян. Қан қысымы төмен адамдарда әлсіздік пайда болып, өзін нашар сезінеді. Аптап ыстықтың салдарынан кейбір адамдардың іші өтіп, басы айналады. Тіпті, ыстық күнде тұмаурататындар да бар, – деп бастады әңгімесін дәрігер Райхан Ақтаева.

Оның айтуынша, күн астында ұзақ уақыт жүру салдарынан түрлі тері аурулары да пайда болады. Ең жиі кездесетіні – фотодерматит. Бұл күн сәулесінен пайда болатын ауру. Денеде бөртпелер пайда болып, қышиды. Мазаны алады. Көбіне бетке, мойынға, қол-аяққа шығады. Бұл ауру дәрігер бақылауымен емделеді.

Райхан Ақтаеваның сөзінше, күн көзіне шамадан тыс қыздырыну тері обырына да әкеп соғады. Әсіресе, терісі аққұба, сепкілге бейім жандардың күн көзінде ұзақ жүруіне немесе қыздырынуына болмайды екен.

–Тері обыры дененің ашық жерінде, әсіресе бетте пайда болады. Ісік ― жара, түйіндақ немесе түйін түрінде кездеседі. Алғашында теріде бір немесе бірнеше түйін шығады. Науқастың еш жері ауырып, дене қызуы көтерілмейді. Сондықтан дәрігер көмегіне жүгінбейді. Уақыт өте ісік ұлғайып, қанайды. Ауырып, мазаны алады, – дейді ол.

Тері обырын хирургиялық жолмен емдей алады. Ісікті кесіп алып тастауға, қатыруға (криодеструкциялау), токпен күйдіруге (электрокоагуляция) болады. Қосымша әдіс ретінде сәулелік терапия қолданылады. Сондай-ақ, ісікті емдеу үшін дәрігерлер теріге физикалық, химиялық қоздырғыштардың әсерін азайту керек екенін айтады.

Сондай-ақ:
ультракүлгін күн сәулесін артық қабылдамау,
– темекі шегуді тоқтату,
– теріге түсетін қоздырғыш заттармен қарым ― қатынасты азайту керек. Нәрлендіруші және күннен қорғайтын майларды үнемі қолданған жөн.

КҮН ЫСТЫҚТА АҒЗАНЫ ҚИНАП АС ІШПЕҢІЗ

Дәрігер дәл қазіргі күндері SPF-10-50-ге дейінгі аралықтағы арнайы кремдерді қолдануға кеңес береді. Мұндай крем теріңізге түсетін тікелей күн сәулесінен қорғайды. Сондай-ақ, күннен қорғайтын қалпақ киіп жүру керек. Ақ түсті, жеңі ұзын, шыт матадан тігілген киім киген жөн. Ыстық күнде дұрыс тамақтанудың да маңызы зор. Әсіресе, көкөніс пен сүт тағамдарын көбірек пайдаланған жөн. Тұзды тағамдарды көп тұтынбаймыз.

— Ыстық күндері таңертең әдетте асқа тәбет болмайды. Сол себепті ағзаны қинап, таңғы ас ішудің қажеті жоқ. Міндетті түрде бір стакан су ішкен дұрыс. Жалпы, бір тәулікте 2-2,5 литр су ішу керек, -дейді Райхан Жарылқапқызы.

Су демекші, маман суық суға түсерде абайлауды ұсынады. Егер ауа температурасы мен су температурасының айырмашылығы 10 градустан асса, онда жүрек қысылып қалуы әбден мүмкін.

ДҰРЫС ҚЫЗДЫРЫНУ ЕРЕЖЕСІ

Райхан Жарылқапқызының сөзінше, күн сәулесінің адам денсаулығына пайдасы да бар. Күн шуағы адам өмірін ұзартып, денсаулығын шыңдайды.
― Гиппократ барлық аурудың емі – күн деп айтып кеткені белгілі. Бұл сөздің жаны бар. Ультракүлгін сәуленің әсерінен тері тез қызарып, оның зат алмасуы, қан айналымы жақсарады. Терідегі минерал заттардың алмасуын қалыптастыратын «Д» дәрумені көбейіп, сынғыш, әлсіз сүйектің жетілуіне, қажетті дәруменді сіңіруге себеп болады. Тіс, тырнақ, шашқа ең қажетті кальцийді алмастыруға көмектеседі. Ең бастысы, күн сәулесі терідегі саңырауқұлақты аурулардың микробтарын жояды. Күнге күю түрлі тері ауруларын емдеуге пайдалы. Қысқасы, күн сәулесінің адам ағзасына пайдасы да жетерлік,- дейді Райхан Ақтаева.

* Жазда салқын сусынды көп ішпеу керек. Әсіресе, ауыр дене еңбегімен айналысқаннан соң немесе дене шынықтырудан кейін салқын су ішпеңіз;

*Еденде немесе салқын жерде ұйықтамау қажет. Мұндай кезде ағзаға суық тез өтеді;

*Тамақтанған соң бірден суға жүзу де ас қорыту жүйесі қызметін бұзады;

*Дымқыл орамалдарды ұзақ уақыт пайдалануға да болмайды. Денеге өткен суықтың тітіркендіруі бастың бұлшық етін жиырып, қан тамырларын тарылтады, мида уақытша қан жетіспей қалады.

* Күннен қорғайтын арнайы кремді сыртқа шығар алдында 20 минут бұрын жағу керек;
* SPF кремдерді әр 2 сағат сайын қайталап жағу қажет.

Сондықтан да маман, күнге қыздырынуды жаны сүйетіндерге төмендегідей кеңес береді:

― Күн ваннасын қабылдасаңыз да болады. Бірақ, қыздырынудың бұл әдісі көпшілікке жақпайды. Сондықтан да ең дұрысы ― таңертең күнге қыздырыну. Күндізгі сағат 11-12 аралығы күн сәулесінің қызған уақыты. Осы кез бен кешкі 17-ден кейінгі уақытта күнге қыздырынуға болады. Ал тері біркелкі күю үшін қыздырынудан бұрын денеге өсімдік майын жаққан жөн,-дейді ол.

Күн сәулесінің пайдасы да, зияны да жетерлік екен. Ендеше, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеп», қауіпсіздік шараларын сақтағанымыз жөн. Денсаулық сыр бергенін күтпей-ақ, дәрігер тексеруіне барған жөн.

А.Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат», №25, 17 маусым 2020