Шымкент тұрғынын ойыншық тапаншамен қорқытып, ақшасын тартып алғандар ұсталды. Оқиға Сарыағаш ауданында орын алған.
Полиция бөліміне арызданған мегаполис тұрғынына түскі уақытта өзінің «Газель» көлігіне отырған сәтте оған шабуыл жасалған. Медициналық бетперде киген екі адам оны қарумен қорқытып, ішінде 700 000 теңгеге жуық ақшасы бар сөмкесін тартып алып, ізін суытқан.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша тіркеді. Полиция қызметкерлері бір апта ішінде куәгерлерден жауап алып, бейнебақылау камерасының жазбаларын мұқият қарап, тексеріп шықты.
Күдіктілердің бірін Шымкент қаласының жалдамалы пәтерінен ұстаған. Ол мегаполистің үш рет сотталған тұрғыны болып шықты. Ұрланған ақшаны өз қажетіне жұмсаған. Күдікті қамауда. Қазіргі уақытта жедел-тергеу тобы қарақшылық шабуылға қатысушының екіншісін ұстау үшін арнайы операцияларға кіріскен.
Мақпал Рысбаева