Шымкент «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша артта қалып отыр

119

Шымкент «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша артта қалып отыр. Бұл бүгінгі Үкімет отырысында белгілі болды. Қаламызда тіпті микробизнеспен айналысуға мүмкіндік беретін тегін гранттарды беру жұмысы әлі басталмапты. Ал істелген істің деңгейі межелеген жоспарға жетпеген.

Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және Халықты әлеуметтік қорғау министрі: «Өз кезегінде Шымкент, Алматы қалалары мен Батыс Қазақстан облысында айтарлықтай белсенділік көрінбейді».

«Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыруда Шымкенттің көп көрсеткіші көңіл көншітпейтінін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі бірнеше рет айтты. Тіпті кей жұмыстар жыл ортасына жетсе де әлі басталмады дейді ол.

Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және Халықты әлеуметтік қорғау министрі: «Микробизнеспен айналысуға зор мүмкіндік беретін тегін гранттар ұсынуда өкінішке орай Ақтөбе облысы мен Шымкент қаласында 28 мамырға әлі де жұмыстар басталмаған».

Премьер-Министр де айтылған есеп пен берілген баяндаманы қорыта келе жұмыс дұрыс атқарылмай жатқан тұстарды атап көрсетті.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі: «Атап айтқанда Шымкент қаласында әлеуметтік жұмыс орындарды жұмысқа орналастыру, қоғамдық жұмыстарға жіберу және грант беру бойынша көрсеткіштер өте төмен».

Әкім Әйтенов болса, «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыруға елде жарияланған карантиннің кесірі тиді дейді. Енді жыл соңына дейін жоспарды толық орындаймын деп уәде берді.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Карантин режимі біршама көрсеткіштің толығымен орындалуына кері әсерін тигізді. 2020 жылдың сәуір-мамыр айларында 573 адамның құжаттары онлайн түрде жинақталып, коммисияда қаралды. 2 маусымнан бастап грант берілетін болады. Жоспарлы көрсеткіш жыл соңына дейін 100 пайызға орындалады».

Ал Асқар Мамин бұл уәденің қаншалықты орындалғанын мемлекет басшысының өзі қадағалайтынын жеткізді.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі: «Жалпы жылдың қорытындысы бойынша жұмыспен қамту мәселесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтетін Үкіметтің кеңейтілген отырысында қаралатын болады».

Меруерт Ахан