Шымкентте шомылушыларды енді атты патруль бақылайды

292

Шымкентте төтенше жағдайлар департаменті жанынан атты патруль құрылды.

Құтқарушылар, полиция және жергілікті әкімдіктің қызметкерлері қаланың шалғайдағы ауылдарын осылайша аралайды. Жауаптылар атты патруль шомылушыларға насихат жұмыстарын жүргізіп, төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында құрылды дейді.

Шымкентте полиция қызметкерлері, құтқарушылар мен шенеуніктер кезекшілікке атпен шығады. Жауаптылар осындай тәсілмен енді тыйым салынған жерде шомылатын азаматтарды ескертуге бел буған. Көлік жүре алмайтын жерге ат міндетті түрде өтетіні белгілі.

Ержігіт Мансұров, Қаратау аудандық полиция бөлімінің қызметкері: «Біз енді тұрақты түрде рейдке шығамыз. Шара барысында белгіленбеген жерде шомылып жатқан азаматтар арасында қолданыстағы ережелерді түсіндірудеміз. Көп жағдайда балалар   ата-аналарынсыз шомылады. Бала болған соң, қауіп барын ойланбайды. Мүмкіндікті пайдалана отырып, ата-аналарға айтарымыз, балаларды жалғыз жібермеңіздер, жанында болыңыздар. Құтқарушылар  қызмет көрсететін белгіленген жерде шомылуға балаларыңызды апарыңыздар».

Патрульдің құрамында әзірге 4 ат бар. Аптап ыстықта Шапырашты тұрғын алабының жағалауы жиналған тұрғындарға толы. Мұндағы қатты ағын да оларды тоқтатпайды. Жабайы жағажайдағы орнайтын тыныштық уақытша ғана. Тексерушілер кеткен мезетте шомылатындар қайта жағада жиналады екен.

Өзеннің жағалауындағыларға тескерушілер жадынама таратуда. Онда тыйым салынған су айдындарында шомылу қауіпті екені ескертілген. Мұнда тиісті инфрақұрылым да, құтқару стансасы да жоқ.

Еске салсақ, өткен демалыс күндері Бадам өзенінде 14 жастағы жеткіншек суға батып, көз жұмған болатын. Болжам бойынша ол суға абайсызда құлап кеткен.

Шынар Оразова