ҰБТ-дан шектік балды жинай алмаған түлектер жоғарғы оқу орнына түсу құқынан айырылмайды. Тек жеке меншік білім ордасына құжатын тапсырып, жоғары білім алуға мүмкіндігі бар. Бұл жөнінде бүгін Шымкент қаласы білім басқармасының басшылығы мәлімдеді.
Айтуларынша, мемлекеттік білім сынағы 4 кезеңнен құралған. Егер, маусым айындағы тестілеуге дейінгі кезеңдерде шектік балды жинаған болса, онда сәтсіз ұпай үшін уайымдаудың қажеті жоқ.
Ұлжалғас Сауырбаева, Шымкент қаласы білім басқармасының бас маманы: «Егер, түлек маусым айындағы сынақтан сүрінген жағдайда және бұған дейінгі қаңтар айындағы тестілеуде шектік балды жинаған болса, онда жекеменшік ЖОО-на оқуға түсе алады. Яғни, қаңтар айындағы сертификатын пайдалана алады. Сондай-ақ, ҰБТ кезінде ұялы телефон немесе өзге де көмек құралдарымен ұсталып, ереже бұзып, сынаққа қатысудан шеттетілгендер де жекеменшік оқу орнына түсіп, жоғары білім алуына болады».
Айта кетейік, биыл Шымкентте 8885 оқушы 11-сыныпты тәмамдады. Оның 6845-і — ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірген. Миллионды қала Шымкентте мемлекеттік сынақ 21-маусымда басталып, бүгін 3-лек тест тапсырды. Әлі алда, яғни 4-шілдеге дейін 7 лек тестілеуге қатысуы тиіс.
Мөлдір Бекеева