Жедел жәрдем неліктен кеш келеді?

822
жедел жәрдем

«Шымкентте бір жетіден бері жедел жәрдем бригадасы арнайы шақыртуларға кешеуілдеп келіп жатыр. Тұрғындар тіпті сағаттап күтуге көшіпті. Салдарынан науқастардың жағдайы нашарлап, дерті асқынып кетеді». Осылай деп арызданған жерлестеріміздің уәжін тыңдап, Шымкент қалалық жедел жәрдем стансасы басшылығынан жағдайдың жай-жапсарын анықтауға тырыстық.

Бір жетіден бері Шымкентте жедел жәрдем бригадасының арнайы шақыртуларға кешеуілдеп келіп жатқаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарап, тұрғындар арасында дау тудырды. Әсіресе, кешқұрым шақырған жедел жәрдемді сағаттап күтуге тура келеді екен.«Жарты сағат, кейде 1-1,5 сағаттай күтіп жатырмыз. Жақында «Кең баба» саябағының жанында ауырып, құлап түстім. Жедел жәрдем шақырттық. Бірақ, уақытылы келмеді. Яғни, 1,5 сағаттаң соң бір-ақ келді», — дейді қала тұрғыны Ануар Берікұлы.

Айдар Серікжанов, Шымкент қаласының тұрғыны:»Ия, кешігу байқалып жатыр. Бұрындары тез келетін. Қазір жедел жәрдем деген кемі араға жарты сағат салып жетіп жатыр ғой».

Шымкент қалалық жедел жәрдем стансасының басшылығы мен дәрігерлердің айтуынша, қаламызда қазір бір уақытта 100 бригада жұмысқа жұмылған. Олар тәулік бойы арнайы шақыртуларға барып, науқастардың хал-жағдайын тексеріп, алғашқы медициналық жәрдем көрсетіп келеді. Ал шақыру орнына кешеуілдеп жетуінің себебі де бар болып шықты.Райгүл Есенәлиева, Шымкент қаласы жедел жәрдем стансасының аға дәрігері: «Жедел жәрдем бригадасы «ковид» дертіне шалдыққандарға барған соң міндетті түрде 2-2,5 сағаттай дезинфекцияланып, тазаланады. Сосын, пневмониямен ауырғандарға барғаннан кейін де көліктерді өзге де медициналық жабдықтарды жуу, тазалау, дезинфекциялау жұмыстары жүреді. Оған да 1-1,5 сағаттай уақыт жұмсалады. Кешігу жағдайларының басты себебі осы. Бірақ, біз бұған қарамай арнайы шақырту орындарына мейлінше кешікпей жетуге тырысып жатырмыз».Айта кетейік, жедел жәрдем бригадасына күніне шымкенттіктерден 2000-2200-дей шақырту түсіп жатыр екен. Дәрігерлердің айтуынша, оның 80 пайызы — пневмонияға шалдыққандар.

Мөлдір Бекеева