Түркістан облысы полицейлері Шардара қаласында көліктен ақша ұрлаған күдіктіні ұстады. Жергілікті тұрғын арызданып, көлік ішінде тұрған 50 000 теңге ақшасы мен флеш картасының жоқ екенін айтқан.

Орын алған ұрлықты ашу мақсатында аудандық полицейлер шұғыл әрекетке көшкен. Тәжірибелі полицейлер көрген-білгендерден жауап алып, бейнебақылау камераларын тексерген.

Күдікті орталық көшелердің бірінен ұсталды. Ол бұрын бірнеше рет ұрлық жасап сотты болған, жергілікті тұрғын болып шықты. Тергеу барысында анықталғандай оңай жолмен ақша тапқысы келген күдікті көшеде ешкім жоқтығын пайдаланып, білдіртпей көліктің ашық тұрған терезесі арқылы ақшаны жымқырған.

Ол өз кінәсін толық мойындады. Ақшаны қажеттілігіне жұмсап жібергені белгілі болды. Айғақты зат ретінде флеш карта алынып, заңды иесіне қайтарылды. Күдіктінің бас шарасы қолхатта. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Мақпал Рысбаева