Медициналық қызметкерлерге үстемеақы төлеуге – 38,1 млрд теңге бөлінген

325

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасы Болат Төкежанов МӘМС жүйесінің коронавирус инфекциясымен күрестегі жұмысы туралы есеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Пандемия кезінде денсаулық сақтау жүйесінің барлық ресурсы коронавирус пен пневмонияға қарсы күрес шараларына бағытталды. Медициналық ұйымдар шұғыл қайта бейімделді. Мыңдаған медициналық қызметкерлер еліміздің ауруханалары мен емханаларында тәулік бойы вахталық жұмысқа ауысты. Осы инфекцияны емдеу және індеттің алдын алу жұмыстарын қаржыландыру ісіне Медициналық сақтандыру қоры жауапты болды. Қор медициналық көмек пен инфрақұрыылмды ұйымдастыратын Денсаулық сақтау министрлігімен және жергілікті атқару органдарымен тығыз байланыс орнатып, жеткізуші мекемелелер алдындағы міндетті мүмкіндігінше уақытында орындады», — деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Оның айтуынша, коронавирусқа қарсы күрес шараларына жалпы 56,7 млрд теңге бөлінді. Халыққа көмек көрсету үшін 630 мекемемен шарт жасалды. Медициналық көмек пен стационарлардағы ем үшін – 13,4 млрд теңге, қауіпті аймақтарда жұмыс істеген медициналық қызметкерлерге үстемеақы төлеуге – 38,1 млрд теңге, ПТР диагностикаға – 5,2 млрд теңге қарастырылған. «Бірінші кезекте тұрған маңызды міндеттерді жедел орындау үшін республикалық комиссия санитарлық-эпидемиологиялық саламаттық саласындағы уәкілетті органмен келісе отырып, өңірлердегі денсаулық сақтау басқармаларының тізбесі бойынша медициналық қызмет көрсететін мекемелермен тікелей шарт жасау туралы шешім қабылданды. Қор маусым айының соңында жеткізуші мекемелелерге көрсетілген қызметтер мен қауіпті аймақта жұмыс істеген медицина қызметкерлеріне 44 млрд теңге төледі. Бұл қаржы – бөлінген жалпы соманың 75 пайыздан астамы», — деді Б. Төкежанов.