Парацетомол дәріханаларға қашан жеткізіледі?

123

Сұранысы күн санап көбейіп келе жатқан парацетомол өңірлерге екі-үш күннің ішінде жеткізіледі. Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова мәлімдеді.

Министрлік өкілі бүгінде тапшы болып отырған вирусқа қарсы препараттар мәселесінің де жуырда шешілетініне сендірді. Алайда, «дәрі бар екен» деп енді препараттарды шамадан тыс сатып ала алмайсыз. Бұдан былай фармацевтикалық өнімдерді сатуға да шектеу қойылады.

Людмила Бюрабекова, Денсаулық сақтау вице-министрі: «Біз әкімдіктермен және бөлшектік сауда желілері қауымдастықтарымен меморандум жасадық. Яғни, бір адамға препарат 2-3 қаптама күйінде, шектеулі түрде сатылатын болды. Себебі ем-дом курсына дәл сонша препарат керек. Үйде препараттар босқа жатып қалмауы керек. Себебі олардың әрқайсысының өз жарамдылық мерзімі бар».

Демек, енді дәрі-дәрмектерді үйіп-төгіп сатып ала алмайсыз. Бұл қолда бар қорды оңды-солды пайдаланып, тапшылық жасайтындардың жолын кесу үшін жасалып отырған шара. Министрлік өкілінің айтуынша, бактерияға қарсы препараттар вирусты инфекцияны емдеуге қолданылмайды.

Людмила Бюрабекова, Денсаулық сақтау вице-министрі: «Бекітілген ем-дом хаттамасына сәйкес бактерияға қарсы препараттар стационарларда жатқан науқастарға ғана беріледі екен. Яғни, бактериалды инфекция анықталып, пневмония расталған жағдайда ғана қолданылады».

Ал ыстықты басатын «Парацетомолдың» лек-легі аймақтағы дәріханаларға екі-үш күннің ішінде жекізіледі екен. Вирусқа қарсы препараттардың түйіткілі де осы аралықта шешілетін көрінеді. Бір қызығы, жергілікті дәріханаларда «Парацетомол», «Мукалтин» сияқты жай теблеткалар қат болған тұста еліміздің фармацевттері коронавирустан емдейтін «Фавипиравир» препаратын өндіргісі келетінін байқатыпты.

Ал ПТР-тест құны сатып әкелінген бағасынан неге қымбат? Бюрабекова ханым көпшілік көңілін күпті еткен бұл сауалға жауап берді. Вице-министрдің айтуынша, бұл қызмет құнына медициналық қызметкерлердің қорғаныс құралдары мен айлығы да кіреді екен.

Людмила Бюрабекова, Денсаулық сақтау вице-министрі: «Таяуда «Фавипиравир» сатып алынады, бірнеше өндірушімен, соның ішінде Ресеймен келіссөздер жүргіземіз. Осы препаратты Қазақстан аумағында өндіруге дайын отандық өндірушілер бар».

Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова коронавирус бойынша мәліметтердің ала-құла таралу себебін де түсіндірді. Айтуына қарағанда аймақтық комиссиялардың өлім-жітімге қатысты мәліметтері министрліктің өлім-жітім жайлы жариялаған ақпаратынан кейін шығады екен.

«Мұндай комиссия хаттаманы жеткізгеннен кейін ғана біз өлім жағдайы тіркелгені жайлы ақпарат таратамыз. Аймақтағы мәліметтер Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінен сәл жаңарақ болуы мүмкін» дейді министрлік өкілі.

Мақпал Рысбаева