Президентке үндеу жасаған шымкенттік дәрігерге шетелдіктер хабарласа бастаған

328

Шымкенттік дәрігер Айна Бакееваның бұл жанайқайы әлеуметтік желіге өткен аптада жарияланған еді. Адамдардың індеттен емес, оны дұрыс емдемегеннен қайтыс болып жатқанын жылап тұрып жеткізген ол осылайша ел Президентіне үндеу жасады.

Және оның бұл қадамы жауапсыз қалған жоқ. Іле-шала Денсаулық сақтау министрінің өзі хабарласты.

Айна Бакеева, дәрігер-реабилитолог: «Алексей Цойдың өзі хабарласты. Және жасаған схемамның өте дұрыс екенін айттым. Антибиотикке денсаулық сақтау министрінің өзі де қарсы. Оның жаңа қызметке тағайындалғанына аз ғана уақыт болды. Ол да емдеудің жаңа жүйесін қолға алмақ ниетте. Ешқандай да ренішін білдірген жоқ. Қайта жасаған жұмысымның өте дұрыс екенін айтты».


Үшінші мегаполистегі дәрігердің бейнеүндеу жасауына елдің толассыз шалған қоңырауы түрткі болыпты. Жұрт жақындарының хал үстінде жатқанын айтып тоқтаусыз хабарласқан. Тіпті онлайн емдеу арқылы реанимацияда жатқан науқастардың беті бері қарады дейді ол. Осыдан кейін дәрігер арнайы жаттығуларды өзі жасап, оны ғаламторға жүктеуді жөн көріпті.

Айна Бакеева, дәрігер-реабилитолог: «Маған қоңыраулар 22 маусымнан бастап толассыз түсе бастады. Алғашында барлығына теріс айналмай, жауап беріп жүрдім. Бірақ, ол оңай емес екен. Телефоныма дамыл болмайтын. Бір қоңыраудан кейін, екінші қоңырау. Екі тәулік ұйықтамаған кездерім де болды. Бірақ, соңында мұның дұрыс емес екенін түсініп, әлеуметтік желіге үндеу жасауды ұйғардым. Себебі, жақыным хал үстінде жатыр деген хабардың тоқтайтын түрі болмады. Ешқандай да хайп үшін емес, адамдардың болашағы мен денсаулығы үшін жасалған шешім болатын».

Қазақстандық әріптестерін былай қойғанда, шымкенттік дәрігер көмегіне қырғызстандық ақ халаттылар да жүгінген. Және көрсетілген әдістің оң ықпалы болғанын айтып алғысын жаудырыпты. Ақ халатты маман індеттің көбі кетіп, азы қалғанын жасырмайды. Және елге құйрық майға құмар болмауды да ескертті.

Айна Бакеева, дәрігер-реабилитолог: «Егер қан қысымыңыз нормада болса, жас болсаңыз құртты көбірек жеген дұрыс. Одан шөлдеп, су да көп ішесіз. Аурудың алдын алу үшін де судың тигізер пайдасы зор. Одан бөлек ет те жақсы. Нағыз қазақтар ретінде етті дастарханнан үзбеген жөн. Құйрық майға аса әуестенудің қажеті жоқ. Ол бауырға ауырлық тигізеді. Онсыз да дәрі-дәрмекпен салмақ түскен бауырға одан сайын қиын болады».

Дәм, иіс сезбеу сынды белгіні дәрігер аса қорқынышқа баламайды. Мұның өткінші екенін айтқан ол бастысы халық дүрбелеңге салынбаса екен дейді. «Сонда ғана жағадан алған жауды жеңеміз» деп отыр көптің батасын алған дәрігер.

Назерке Үкібасова