Шымкентте 3-тамыздан кейін бала-бақшалар жұмысына рұқсат етіледі. Бұл туралы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева мәлімдеді.
Мектепке дейінгі ұйымдарда санитарлық талаптардың сақталуы қатаң қадағаланады. Бастысы, бала саны мен әлеуметтік қашықтық ескерілуі тиіс. Ал оқушылардың жаңа оқу жылына дайындығы қалай жүргізіліп жатыр?
Шымкентте арнайы комиссия ақылдаса келе ақыры 3 тамыздан кейін бала-бақшалардың жұмысына рұқсат берді. Дегенмен, санитарлық ережелер қатаң сақталуы тиіс. Бала саны 15-тен аспауы керек. Жаңа оқу жылы қарсаңында мектепке дайындық курстарының жұмысына да рұқсат етіліп отыр.
Жанат ТӘЖИЕВА, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы: «Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде 15 балаға дейін, орталықтарда 5 балаға дейінгі кезекшілік топтар ашылады. Балабақша меңгерушілеріне барлық санитарлық талаптарды сақтау ережелері түсіндірілді».
Ал Шымкенттің шет шағынаудандарында тұратын оқушылар жаңа оқу жылында мектептерге қатынап оқуы мүмкін. Кезінде Сайрам, Төле би аудандарынан қосылған елдімекендердегі білім ұйымдарындағы оқушылар саны небәрі 120-дан аспайды.
Салаға жауаптылар шәкірттері аз мектептерде дәстүрлі сабақ өту үрдісі қауіпсіз деп санайды. Дегенмен, ата-аналардың рұқсаты ескеріледі. Ал қала орталығындағы барлық мектептерде қазір қашықтықтан оқыту жүйесіне қызу дайындық жүріп жатыр. Шаһардың бас ұстазы бірінші кезекте интернет жылдамдығы төмен шағынаудандарды сапалы қызметпен қамтуды қолға алдық дейді.
Жанат Тәжиева,Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы: «Шымкентте 35 мыңнан астам оқушы тегін интернет желісімен қамтылады. Шымкентте интернет жылдамдығы төмен шағынаудандар көп».
Сондай-ақ, Шымкентте «Мектепке жол» акциясы бастау алды. Жағдайы нашар отбасы балаларына 30 мың теңге көлемінде бір реттік көмек беріледі. Бұл жәрдем 42 мыңнан астам шәкіртке тиесілі болып отыр. Онымен қоса 24 мыңнан астам балаға компьютерлер үлестіріледі.
Мақпал РЫСБАЕВА