Дәрігерлер марганец ерітіндісін ішіп қойған баланы аман алып қалды

492

Оқиға 8 тамыз күні Шымкентте болған. 3 жаcтағы бала марганец ерітіндісін ішіп қойған. Кейін Т.Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығына жедел жәрдеммен жеткізіліпті.

Химия сұйықтығын ішіп қойған бүлдіршіннің ауыз қуысы толықтай күйген. Ауыр жағдайдағы баланы аман алып қалу үшін дәрігерлер оны шұғыл түрде жансақтау бөліміне жатқызып, реанимация көмегін көрсетіпті.

Анасының айтуынша, бала үйде ойнап жүріп бір құтыдағы марганец ерітіндісін ішіп қойған.

Бала ауыр дәрежедегі токсик әсерін алған. Дәрігерлердің күндіз-түні бақылауында болды. Мамандардың жанкешті еңбегінің арқасында бүлдіршіннің жағдайы жақсарды. 3 күннен кейін бала токсикология бөліміне ауысты, қазір ем қабылдап жатыр, – деді Т.Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығының бас дәрігері Мадина Ермағанбетова.

Дәрігерлер 10 жыл бұрын ішкі құрылысы күйген балалардың 80%-ін өлім аузынан аман алып қалу қиынның қиыны еді дейді. Бүгінгі медицина мұндай жағдайға тап болған балалардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Дегенмен бұл ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігін төмендетпеуге тиіс,- дейді мамандар.

Біле жүріңіз
Марганец ерітіндісі (марганцовка) медицинада антисептик зат ретінде кеңінен қолданылады. Оны жараны тазарту, тамақты шаю үшін қолданады. Ерітіндіні дұрыс пайдаланбаған жағдайда адам химия күйігін алуы мүмкін.

Марганец ерітіндісі мен глицеринді бір жерде сақтауға болмайды, себебі бұл өртке әкеліп соғуы ықтимал.

Адам марганцовка ішіп қойса, не болады?
Ересек адам немесе бала марганец ерітіндісін құрғақ күйінде жеп қойса немесе сұйықтығын ішіп қойса, ауыз қуысы қатты күюі мүмкін. Сонымен бірге мынадай белгілер байқалады:

ауыз қуысы айналасының түсі өзгереді;
құсуы мүмкін;
өңеш пен асқазан аурады;
ауыздағы шырышты қабық күйіп, ауыртады;
көп мөлшерде тұтынып қойған жағдайда асқазан тесіліп, ағзаның ішінен қан кетуі ықтимал.

Алғашқы көмек

Адам құрғақ марганцовканы ішсе, дереу жедел жәрдемге хабарласуы қажет. Себебі мұндай жағдайда өз бетімен ем-дом жасауға болмайды.
Марганцовка сұйықтығын ішкен жағдайда адам көбірек су ішіп, құсып, ағзасын тазалауы қажет. Егер сұйықтықты 3 жасқа дейінгі бала қолданса, лезде дәрігерге жүгінген жөн. Себебі кішкентайларды жасанды түрде құсқызуға болмайды.