«Түсіме аян берді». Осылай деген шымкенттік тұрғын «Қазығұрт тауында «індеттің бетін қайтаратын» пирамидалар соққан.
Әлеуметтік желіде тараған аудиожазбада әйел ерекше таңданыспен киелі Қазығұрт тауында пирамида соғып жатқан кісімен кездескенін айтқан. Сонда ер кісі өзін ғылыми орталықтың мүшесі ретінде таныстырған. Сондай-ақ, ол түсінде Мұхаммед пайғамбарды көріп, оның аян бергенін айтқан.
Аян бойынша, осы Қазығұрт тауының басында мұнан 12 мың жыл бұрын пирамида болғанын, ол пирамидалардың елді қауіптен қорғағанын, қазір құлап қалғанын айтып, пирамидаларды қайта тұрғызу керектігін жеткізген.
«Егер де 13 қыркүйекке дейін пирамиданы салып үлгерер болсаң ешқандай қауіп болмайды» деген соң іске кірісіп, пирамиданың орнын тапқан көрінеді. Осы видежазбаға байланысты біз Қазығұрт ауданы әкіміне хабарласып, түсініктеме беруін сұрадық. Аудан басшысы бұл аумақтың аудан меншігіне қарайтынын, ешқандай құрылысқа рұқсат берілмегенін айтты.
Түсіне сеніп «өзімбілемдікке» салынған азаматтың ісіне қатысты алдағы аптада сот отырысы басталады деді.
Төлеген ТЕЛҒАРАЕВ, Қазығұрт ауданының әкімі: «Ешқандай рұқсат берілмеген. Құрылысты жүргізген Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Қазір сәулет басқармасындағылар тиісті зерделеу жұмыстарына кірісті. Алдағы аптада сот басталады».
Мақпал Рысбаева