Шымкенттік жомарт жандар мұқтаж отбасыларды Құрбан айтпен құттықтап, азық-түлік таратты. Айттың алғашқы күнінде кәсіпкерлер 50, ал соңғы күнінде 35 жанұяға 5 себеттен үлестірді.

Оның ішінде күріштен бастап, ұн өнімдері мен тауық еті де қамтылған. Осылайша карантин басталғалы қайырымдылықты ту еткен белсенділер амалы ұмыт қалмай тағы да жалғасын тапты.


Шымкентте қайырымдылық акциясы тағы да жалғасын тапты. «Добродеетель» қоры бұл күні 35 отбасыға азық-түлік себеті жиналды. Оның ішінде күріш, қант, ұн өнімдері, шай мен тауық еті бар. Бұл карантинде жұмыссыз қалған жанұялар үшін айтарлықтай көмек. Құрбан айтта кәсіпкерлер қолдауына ие болған жандар осылай деп алғыс жаудырды.


Әшіркүл Шертаева, қала тұрғыны: «Үш баламен қалғанмын. Балаларым әлі кәмелет жасына жетпеген. Үлкені 17-те, кейінгісі 14-те, ең кішкентайы жетіде. Рақмет беріп жатқа көмектеріне. Ризамыз».


Айта кетейік, жуырда ғана құрылған қорға бірнеше кәсіпкер қолдау білдіріп келеді. Бірі ауруханаларға тұрмыстық техникалар үлестірсе, бірі мұқтаж отбасыларына азық-түлік таратуды әдетке айналдырған. Сөздерінше, карантин басталғалы көмек сұрайтындар қарасы әлдеқайда көбейген. Осыған байланысты жомарт жандар жұдырықтай жұмылуды ұйғарыпты.


Иса Байсұлтанов, кәсіпкер: «Пандемия болмай тұрып-ақ, ортамызда мұқтаж отбасылар аз емес еді. Кейбір ата-аналар 5-6 баланы тәрбиелейміз деп, жұмысқа шыға алмайды. Ал, кей жанұяның асыраушысы жоқ. Осыны ескере келе жұртқа қол ұшын беруді ұйғардық. Мұндай қайырымдылықтың ел арасында кең таралғанын қалаймыз. Себебі, қалада көмекке мұқтаж жандар көп».

Бұл қайырымды қала кәсіпкерлерінің соңғы қайырымдылығы емес. Бұған дейін 100 отбасын азық-түлікпен қамтыған жомарт жандар енді, мал сойып, ет таратуды да қолға алмақ.

Назерке Үкібасова