Шымкентте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кеңес өтті

144

 

Шымкентте қала әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кеңес өтті.

Жиынға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің қалалық департаментінің басшысы А.Жұмағали, қала прокурорының м.а. Н.Сейдалиев, полиция департаменті бастығының м.а. С.Ергешов, әділет департаментінің басшысы Н.Маханбетов, «Nur Otan» партиясы қалалық филиалы мен мәслихат хатшылығының өкілдері қатысты.
Келелі жиында қала әкімі Мұрат Әйтенов Мемлекет басшысы атап өткендей сыбайлас жемқорлықпен күрес еліміздің стратегиялық дамуының негізгі басымдықтарының бірі екендігін және күн тәртібінен түспегендігін айтты. Мегаполис әкімі бүгінгі кеңесте салалардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтап, жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жою бойынша кешенді алдын алу жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап өтті. Қала әкімінің айтуынша мегаполисте 83 % мемлекеттік көрсетілетін қызметтер цифрландырылған, алайда мемлекеттік органдардың басшыларына жыл соңына дейін 100 %-ға жеткізуді тапсырды.

Жиында сөз алған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қалалық департаментінің басшысы Асхат Жұмағали уәкілетті органмен жүзеге асырылатын алдын алу және қылмыстық-құқықтық шараларға тоқталды.

«Алдын алу жұмысының маңызды құрамдас бөлігі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг болып табылады. Тек ағымдағы жылдың өзінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне 4 сыртқы талдау және 6 сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізіліп, жұмыстардың нәтижесінде мемлекеттік органдарға 100-ге жуық ұсыныс енгізіліп, олардың үштен бірі орындалды» – деді А.Жұмағали.

Сондай-ақ ол, жер қатынастары саласында мемлекеттік қызметтерді цифрландыру арқылы жер қатынастары басқармасының қызметкерлерімен халықтың тікелей байланысын болдырмауға қол жеткізілгендігін айтты.
Кеңесте білім саласында жүргізілген талдау нәтижелері де баяндалып, білім басқармасының басшылығы мектеп ұжымдарындағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйіне мониторинг жүргізіп, директорлар мен оқытушыларды тағайындау кезінде олардың моральдық қасиеттеріне ерекше назар аударуы қажеттігі ұсынылды.

Сонымен қатар, Асхат Жұмағали бизнесті қорғау басты назарда екендігін жеткізіп, бизнес пен инвесторларды қорғау жобасы (Protecting Business and Investments) аясында бүгінгі күні 72 млрд. теңгеге 35 инвестициялық жоба сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеумен қамтылғандығын атап өтті.

«Бизнесті қорғау шеңберінде барлығы 19 кәсіпкерлік субъектісінің құқықтары қалпына келтіріліп, олардың қызметіне заңсыз араласқаны үшін 7 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды» – деді спикер.

Кеңес барысында бағынышты қызметкерлердің арасындағы сыбайлас жемқорлық үшін басшылардың жеке жауапкершілігі, мемлекеттік сатып алудан үнемделген қаржылар, жол сапасына мониторинг жұмыстарының барысы да хабарланды.
Ұжымдарда парасаттылық қағидаттарын – адалдық, әділдік, әдептілік және сатылмаушылық құндылықтарын енгізуге баса назар аударылып жатқандығы жеткізілді.

Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстар бойынша Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы С.Ергешов пен жер қатынастары басқармасының басшысы Б.Әшірбеков баяндама жасады.
Басқосуда қоғам мен мемлекет игілігі үшін сыбайлас жемқорлықты жою мақсатында күш біріктіру қажеттілігі де айтылды.

Айта кетейік, жыл басынан Департаментпен 73 қылмыс тіркелген, олардың ішінде парақорлық (43), алаяқтық және жымқыру фактілері (18) басым.