Ордабасы ауданы Боралдай ауылының тұрғындары ауыз суды арықтан ішуге мәжбүр. Тәуелсіздік алғалы таза суды аңсаған тұрғындар арманы өткен жылы орындаған еді.
Алайда, ел алдында сүйіншілетіп іске қосылған ауыз су жүйесі әкімдер кетісімен тоқтаған. Жауаптылардың бұл ісін түсінбеген қараша биліктегілердің мазағына айналғанымыз ба деп ашынады.
«Су жоқ. Зарлап қанша бардым мен ол адамдарға. Анаусы анаусына сілтейді. Екі ортада халық сорлап жатыр бұл жерде» дейді жергілікті жұрт.
Нұржаппар Тұрланбаевтың Ордабасы ауданы, Боралдай ауылына көшіп келгеніне 13 жыл. Содан бері үй иесі ауыз суды арықтан тасып ішеді. Өйтпеске амал жоқ. Ауылда ағып тұрған ауыз су болмағасын мал ішкен құдықтан ел су ішуге мәжбүр. Кесірінен түрлі ауруға шалдыққан.
Нұржаппар Тұрланбаев, ауыл тұрғыны: «Менің осы жерге келгеніме 13 жыл болды. 5 бала-шағам бар. Көрген күніміз осы. Суды шелекпен тасимыз. 250-300 метр жерден шелекпен алып келеміз. 25 литрлік шелекті көтеріп келеміз. Өмір бақи осылай келе жатырмыз ғой».
Ауыз суды аңсаған ағайынды жауаптылар өткен жылы бір жұбатып қойған екен. 2019 жылдың көктемінде ауылға әкімдер келіп су жүйесін қосқан. Сүйіншілеген бұл жаңалық тіпті теледидардан да көрсетілді. Алайда, атқамінерлер кетісімен тіршілік нәрі де тоқтаған. Мұны түсінбеген ел, кейін талай рет әкімдік табалдырығын тоздырыпты. Бірақ одан шыққан нәтиже болмады дейді Боралдай ауылының тұрғындары.
Әмір САПАРБЕКОВ, ауыл тұрғыны: «2019 жылы су көктемде келді. Қуандық бәріміз су ішетін болдық қой деп. Көктемде қосты да бір күннен кейін су жоқ болды. Одан кейін талай әкімшілікке бардық. Барсақ, бір аптадан кейін жібереміз дейді. Содан бері су да көрген жоқпыз. Мына арықтың суын ішіп отырмыз. Мал да содан ішеді, біз де содан ішеміз».
Әкімдер көзінше қосылған ауыз су ғұмыры бір күнге созылған. Осылайша қуанышы көпке ұзамаған тұрғындар қайтадан арықтан су ішіп жүр. Ал, бұған дейін ел сөзін естімей келген сала мамандары мәселені шешеміз деп сендірді. Су жүйесін камера алдында қосқан олар бұл ісін көзбояушылық емес дейді.
Алтынбек Бөлшекбаев, мердігер компанияның прорабы: «Счетчиктен сәл проблема болып қалды. Құжаттары өте көп. Солармен жүгіріп қалдық әрі-бері. Счетчик кеше қойылды. Көзбояушылық емес. Біз де ойнап жүрген жоқпыз».
Айта кетейік, Ордабасы ауданы Боралдай ауылында 70-ке жуық үй бар. Олар осы уақытқа дейін ауыз суды арық пен құдықтан ішіп келді. Енді, іске қосылды деп жарияланған су жүйесінің тағы да тоқтап қалмауын тілейді. Егер жағдлай тағы қайталанса, тұрғындар президентке хат жазуға бекініп отыр.
Назерке Үкібасова