Бас прокуратура: Балаларға қатысты қылмыс көбейген

197

Елімізде балаларға қатысты қылмыс көбейді. Бұл туралы ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов мәлім етті.

Қадағалау органы өкілдері бұл санаттағы қылмыстардың жиілеуін де түсіндірді. Президент өз Жолдауында басымдық берген қылмыс түрімен құзырлылар қалай күреседі? Басты құжаттағы тапсырмаларды орындау үшін прокуратура қандай қадамдарға барып отыр? Бұл туралы алдағы сюжеттен білейік.

Соңғы кездері қандықол қылмыскерлердің қолына жиі ілініп жүрген балалар енді басты назарда болады. Себебі, бүлдіршіндерге қатысты қылмыс тым өршіп кеткен. Бұл санаттағы қылмыстар 8 пайызға өскен. Президенттің өзін алаңдатып отырған қылмыс түрімен күресуге енді прокуратура мықтап кіріседі. Әсіресе, педофилдерге оңай соқпайын деп тұр.

Марат АХМЕТЖАНОВ, ҚР Бас прокурорының орынбасары: «Мәселен, бір адамға қатысты 18 жасқа толмаған жәбірленушілерге қатысты қылмыс жасағаны үшін 60 қылмыстық іс қозғалған болатын. Бұл да қылмыс санының артуына түрткі болып отыр. Сонымен қатар, біз өткен жылы дәрігерлерге және жабық мекемелердегі, интернаттардағы жыныстық сипаттағы фактілерді жасырғандарға қылмыстық жауапкершілік енгіздік».

Ауыр қылмыстардың бірі — мал ұрлығы. Президент бұл мәселеге де ерекше ден қойған. Айтуынша, жазаның ауырлатылуы және татуласуға тыйым салу ұрлыққа мықты тосқауыл болды. Түркістан облысында орын алған мал ұрлығын мысал еткен Марат Ахметжанов ҚК-ке енгізілетін жаңа бап бұл қылмыс түрін де тыяды деп отыр.

Марат АХМЕТЖАНОВ, ҚР Бас прокурорының орынбасары: «Себебі қарапайым қазақ аздаған малымен жан бағып отыр. Соңғы жылдары мал ұрлығы кәсіпке айналып, ұйымдасқан қылмыс түрі болып кетті. Сондықтан Қылмыстық кодекске «мал ұрлау» деген жеке бап қостық. Ол нәтижесін беруде. Қазіргі күні мал ұрлығы 24 пайызға азайып отыр».

Енді 1 қазаннан бастап прокурорлар шешімді келісу бойынша шығарады. Бас прокуратура Президент тапсырмасын орындау бойынша пилоттық жобаны жүзеге асырып жатыр. Айта кетейік, елімізде қылмыстық құқық бұзушылық 35 пайызға азайғаны байқалған.

Мақпал Рысбаева