Білім саласы онлайн оқу жүйесіне дайын емес. Бүгін жалпы отырыста депутаттар дәстүрлі емес білім беру әдісін сынға алды. Олар мектеп оқушыларының жаңа оқу жылында қашықтықтан білім алуы сапасыз ұйымдастырылғаны үшін шенеуніктерді жауапкершілікке тартуды сұрады.

Қалай десек те, онлайн оқыту жүйесі еліміздегі интернет желісінің сапасыздығын ап-айқын көрсетіп берді. Пандемияға байланысты қашықтан оқуға мәжбүр болған оқушылардың онлайннан опық жемесі үшін қомақты қаражат бөлінді. Алайда, олардан пайда болмады дейді халық қалаулылары.

Депутат Ирина Смирнова Германия, Франция, Ұлыбритания, Ресей, Қытайда балалар мектептерде оқып жатқан кезде қазақстандық оқушыларды неге қашықтықтан оқуға мәжбүрлеп жатқанына наразылық білдірді. Осылайша халық қалаулылары санитарлық нормаларды сақтай отырып, білім беру жүйесін әдеттегі режимге ауыстыруды талап етті.

Ирина СМИРНОВА, ҚР Мәжіліс депутаты: «Білім және ғылым министрлігі – әрбір баланың білім алуына тең қолжетімділікті қамтамасыз етуі тиіс. Әрбір оқу орнына мемлекеттік стандартты сақтауға еркіндік беру қажет. Денсаулық сақтау министрлігі – ДДҰ ұсынымдарын қарастыруы тиіс».

Ал «ақжолдықтар» бизнеске қамқорлық танытып отыр. Президент Жолдауында шағын және орта бизнеске қосымша көмек ретінде экономиканың зардап шеккен салаларындағы несиелер бойынша пайыздық ставкаларды жылдық 6 пайызға дейін мемлекеттік субсидиялауды қамтамасыз етуді тапсырды.

Осы бастамаға қолдау білдірген депутат Азат Перуашев Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдады. Ол мемлекеттік қолдаудың елеулі үлесі кәсіпкерлерге емес, банктердің кірісін арттыруға бағытталып кете ме деп қауіптенеді.

Азат ПЕРУАШЕВ, ҚР Мәжіліс депутаты: «Ақжол» фракциясы депутаттары тарапынан осы ұсынысқа қатысты сауал туындап отыр. Егер екінші деңгейлі банктер шағын және орта бизнес субъектілеріне жылдық 20 пайыз ставкасы бойынша несие берсе, олар осы арқылы жоғары маржаны қамтып отыр. ШОБ-тың жаппай қиын жағдайға тап болуы жағдайында олардың тәбетін шектеудің орнына, мемлекет бұдан ары қарай да осы сұраныстарын қанағаттандырмақ. Қазіргі жағдайда бизнес те, мемлекет те тиісті шығынға тап болып отыр. Ештеңе болмағандай, тек банктер ғана бұрынғыдай қомақты табыс жасағысы келуде».

Бүгінгі жалпы отырыста депутаттар әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысын көтеруді де ұсынды. Халық қалаулылары қарттар үйі, балалар үйі секілді әлеуметтік мекемелер қызметкерлері, бейімдеу орталықтары мамандары маңызды қызмет атқарып жатқанын алға тартты. Осында өзекті мәселер көтерілген жиында Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулин «Үкімет сағаттарының» жаңартылған форматта өткізілетінің жеткізді.

«Жиындарда ең алдымен, экономикалық-әлеуметтік маңызды сұрақтар талқыланатын болады. Әрине, іс-шараларды ұйымдастыру, өткізу форматында өзгерістер болса да, ол жұмыс сапасына ешқандай әсер етпейді. Ол жағынан өткен сессиядан да тәжірибеміз бар»,– деді Мәжіліс Төрағасы.

Мақпал Рысбаева