Соңғы тәулікте Шымкентте бірде-бір Ковид жұқтыру оқиғасы тіркелген жоқ. Есесіне соңғы күні еліміздің 77 азаматынан вирус анықталған. Осылайша Қазақстанда тәжівирус жұқтырғандар саны 106 мыңнан асты.
Айта кетейік, күні бүгін денсаулық сақтау министрлігі енді вирусты симптомды және симптомсыз деп бөлмейтінін жариялады. Және алдағы толқынға тас-түйін дайынбыз деп отыр.
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 106 мыңнан асты. Ел бойынша соңғы тәулікте вирус тек Шымкенттен анықталмаған. Есесіне өзге аймақтарды жинағанда Ковид 77 қазақстандықтан табылыпты. Осылай деген еліміздің денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі енді қатерлі індетті симптомды және симптомсыз деп бөлмейтінін айтты.
Бағдат ҚОЖАХМЕТОВ, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі: «Тамыз-қыркүйек айларында симптомды және симптомсыз коронавируспен ауыру статистикасын біріктірдік. Мұндай тәжірибе болжамдар жасайтын және медицинаның мүмкіншілігін есептейтін сарапшылар үшін ғана тиімді екеніне көз жеткіздік. Ал, қоғамда сандарды шатастырып түсінбейтін тұстары көбейіп кетті. Сол себепті күн сайын жарияланатын мәліметтерді екіге бөліп беруді тоқтаттық».
Пандемияның алғашқы толқынында сын астында қалған денсаулық сақтау министрлігі екінші кезеңге тас-түйін дайын екенін айтады. Ол үшін тіпті 8 млрд. теңгеге дәрі сатып алып, оттегі аппараттарын қамдап қойыпты. Және ең қауіпті кезеңде төсек-орын санын 70 мыңға жеткізе аламыз деп отыр.
Бағдат ҚОЖАХМЕТОВ, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі: «Коронавирустың ықтимал екінші толқынына дайындық аясында қазақстандық медициналық мекемелерде бір уақытта 70 мыңнан астам төсек-орын орналасады, оның ішінде 3 мыңнан астамы реанимациялық. Қазіргі уақытта елімізде 19 066 инфекциялық төсек-орын бар, олардың 15%-ы пайдаланылуда, 1 522-і реанимациялық, оның 14%-ы қолданыста».
Бұдан бөлек, министрлік жыл соңына дейін еліміздегі жедел жәрдем автокөлігін тағы 1167-мен толықтырмақ. Және жылжымалы 100 медицина кешенін сатып алмақ.
Назерке Үкібасова