Есірткіге аңсары ауған азаматты ауылдасы ұстап берді

157

 

Есті алатын есірткінің дақпырты ауылдарға да жетіп болды. Бұрындары есірткіге елітетіндер тек қалада ғана болады деген түсініктің бүгінде күл паршасы шыққан. Ауылдарда бүгінде «шөпке» құмартушылар қатары артып кеткен. Оған дәлел күн сайын құрықталып жатқандар қатары аз емес.

Есірткі қылмысының алдын алу үшін бүгінде облыс аумағында «Қарасора — 2020» жедел алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр. Түркістан облысына қарасты Ордабасы АПБ-нің полицейлері есірткі заттарын сақтау және пайдалану бойынша күдікті жергілікті тұрғынды ұстады.

Есірткіге аңсары ауған азаматты ауылдасы ұстап берді. Аудандық полиция бөліміне  аудан тұрғынының өз үйінде есірткі заттарын сақтайтыны туралы хабарлаған. Ақпар бойынша оқиға орнына жедел жеткен уәкілдер  тінту барысында күдіктінің үйінен есірткімен бірге үш қағаз пакет пен есірткі бар өсімдіктің кептірілген бұтасын тәркіледі. Полицейлер заттай дәлелдемелерді сараптамаға жіберді.

Қорытындыға сәйкес, тәркіленген есірткі заттарының жалпы салмағы шамамен 17 гр болатын «кептірілген марихуана» болып шықты. Күдікті марихуананы өзі пайдалану үшін сақтағанын мойындады.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 296-бабы «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу»бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.