Карантин кезінде мал ұрлығы 50 пайызға кеміген

129

 

Түркістан облысында мал ұрлығы тыйылар емес. Осыған орай, тәртіп сақшылары мал ұрлығы қылмысының алдын алу үшін күшейтілген тәртіпте жұмыс атқаруда. Полицейлер барымташылықпен айналысқан 2 қылмыстық топты ұстады. Олардың бірі ұрланған малдарды жүк көлігіне артып, әкетіп отырған. Ал, екінші қылмыстық топ өздерінің арнайы қора-жайларын жасырып ұстап отырған. Осынау жәйтке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысында барымташылықпен баюды көздегендер айылдарын жияр емес. Полицейлер ізіне түскен ұрылар жайылымды айтпағанда, қорада қамаулы тұрған төрт-түлікті де үптеп кетен. Әсіресе қамбар ата төліне көз тіккендер азаймай тұр дейді шағымданған халық.

Жайшыбек ТОТАЕВ, Қаратөбе ауылының тұрғыны: «Түнде келіп, аттың есігі темір еді. Темірді бұза алмастан артынан дуалды бұзып, дуалдан алып кетіп қалған атымды. Содан азанда ерте тұрып 102-ге хабарластым».

Соңғы екі жылда аймақтағы алты ауданнан 23 адам полицияға арызданған. Жәбірленушілерге келген шығын көлемі 40 млн. теңге шамасында. Полиция ұрланған малдарды Төлеби ауданы маңынан тапты. Оңай олжаға құныққандар жылқыларды бір жерге қамап, кейіннен сатып отырған. Күдіктілерден 42 жылқы тәркіленіп, иелеріне қайтарылды.

Сұлтанбек ҮСІПБЕКОВ, Түркістан облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары: «Қазіргі таңда екі қылмыстық топ құрықталып отыр. Бір қылмыстық топ үш адамнан құралған, екінші қылмыстық топ бес адамнан құралған. Аталған топтың күдіктілерінің барлығы алдын бірнеше рет ұрлық қылмыстарымен сотты болған. Қазіргі таңда ҚР ҚК 180 бабымен «Ұрлық» фактісімен қамауға алынып, сотқа дейінгі алдын ала тергеу амалдары жүргізілуде».

Барымташылықтың өз әдісі болады екен. Қылмыстың топтың бірі ұрланған малды көлікке тиеп әкетіп отырған. Екіншісі қора-жайында жасырып ұстап келген.

Полицейлер ұрлықы малды сатып алып отырған 4 адамды ұстаған. Айта кетейік, жыл басынан бері Түркістан облысы бойынша 15 қылмыстық топ құрықталып отыр. 43 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Десе де, полиция карантин кезінде мал ұрлығы 50 пайызға кемігенін алға тартып отыр.

Мақпал Рысбаева