Úı ANONS «3 аптада 4 ұрлық»: Түркістан облысында мал ұрлығы өршіп тұр

«3 аптада 4 ұрлық»: Түркістан облысында мал ұрлығы өршіп тұр

Түркістан облысында мал ұрлығы өршіп тұр. Тұрғындар ұрылар жайылымдағы малды есептемегенде, қораға қамап қойған төрт түлікті де барымталап жатқанын айтады. Олардың шағымын құқық қорғау органдары да растайды.

Келес ауданында мал ұрлығы тоқтамай тұр. Тұрғындардың айтуынша, барымташылар әсіресе шалғай ауылдардың қорасына түсіп, төрт түлігін қолды етіп жатыр. Өткен 3 аптаның өзінде мал ұрлығының ауыр санатына жататын 4 қылмыстық іс тіркелген. Ұрлық Ақсу, Шұқырсай, Амангелді ауылында тіркелген.

Күдіктілерің бірі қорадағы қойды қолды етсе, енді бірі жайылымнан айдап кеткен. Мал ұрлығына қатысы бар деген күдікпен полицейлер 9 адамды ұстаған. Оларды 2 ай қамауға сот санкция берген.

Облыстық полиция департаментінің дерегінше, өткен жылы аймақта 6 жүзден аса мал ұрланған. Оның 474-і иелеріне қайтарылған. Полицейлер мал ұрлығына қатысы бар 10 шақты қылмыстық топты анықтап отыр.

«Полицейлердің жүргізген жедел іс-шараларының нәтижесінде мал ұрлығымен айналысып жүрген 19 қылмыстық топ ұсталып, 56 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардың 47 мал ұрлығына қатысы бары анықталды»
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ

Айта кетейік, алдыңғы жылы облыста 100-ден аса мал ұрлығы тіркелген. Полиция құқықбұзушылықтың алдын алу үшін тұрғындарға қорадағы малына ен салып, таңбалуға кеңес береді.

Дилара Иса