Түлкібас ауданында апатты және үш аусымда оқитын мектеп жоқ. Биыл коронавирус індетіне қатысты енгізілген карантинге қарамастан ауданда мектептер күрделі жөндеуден өтті.
Ұстаздарының айтқанын бұлжытпай қайталаған мына бүлдіршіндер 1 сынып оқушылары. Олар Түлкібастағы күрделі жөндеуден өткен аудан орталығындағы В.Ломоносов атындағы мектеп-гимназиясында дәріс алуда. Ұстаздар оқушылардың ата-аналары өтініш білдірген соң кезекші сыныптар ашылғанын айтады.
Жансұлу Рүстемқызы, Түлкібас ауданындағы М.Ломоносов атындағы мектептің бастауыш сынып мұғалімі: «Карантин талаптарын сақтап, оқытып жатырмыз. Күрделі жөндеуден кейін сынып бөлмелері жарық кең, жылы».
Іргетасы қаланғанына жарты ғасыр өткен мектеп ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары сәуір айында басталып, жаңа оқу жылына дайын болған. Құрылыс барысында сынып бөлмелері толық жаңаланып, тозығы жеткен электр, су жүйесі ауыстырылған. Сонымен қатар дербес жылу қазандығы да жөндеуден өтіпті.
Ал Шақпақ Баба ауылындағы Степан Бреусов атындағы 200 орындық мектепте жөндеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Құрылысшылар сөзінше, нысан, биыл қараша айында пайдалануға беріледі.
Жыланды ауылындағы Олег Кошевой атындағы 150 оқушыға шақталған мектептегі құрылыс жұмыстары келер жылы аяқталмақ. Сеславино ауылындағы мектеп жанына қосымша корпус салу және негізгі ғимаратты жөндеу жұмыстары да 2021 жылға дейін жалғаспақ.
Шынар Оразова