Газетіміздің №37 (10.09.2020 ж) санында «Маған сенетін күйеуіме қиянат жасадым» тақырыбында кейіпкер хикаясын жарияладық. Хикаяда кейіпкеріміз күйеуіне сүймей қосылғанын, сонда да бірге өмір сүріп, арада он жыл өткенде алғашқы махаббатын жолықтырып, онымен көңіл қосқанын, осылайша жұбайына қиянат жасағанын айтады. Опасыз әрекетінен қиналып, не істерін білмей, газетіміздің «Психолог бұрышы» айдары арқылы психологтан кеңес алғысы келеді екен. Айтуынша, бұл тірлігін ешкімге айта алмайды, кеңес сұрап, ақыл қосар ешкім жоқ. Кейіпкер хатын тәжірибелі психолог Динара Әбдікәрімге жеткізіп, маман кеңесін білдік.
Психолог Динара Әбдікәрім хатта кейіпкер жас ерекшелігін, қанша баласы барын, ата-анасымен қарым-қатынасы туралы ашық жазбағанын айтады.
«Ұяң, ата-ананың айтқанынан шықпайтын, тәртіпті, көпшілік назарын өзіне аудара бермейтін қарапайым қазақ қызы болып өстім» деген жазбасынан бала кезінде өзінің эмоциясын көрсетуге қатты шектеу қойғанын аңғаруға болады екен.
– Хаттан түйгенім, кейіпкер – ешқашан эмоциясын көрсетпеген қыз. «Сыныптағы қыздар жүретін жігітін айтып мақтанғанда, мен бір шетте үнсіз отыратынмын» деген жазбасынан оның бала кезінде қатты күйзеліске ұшырағанын аңғарамыз. Жалпы мұны психологияда «бала күнінен қалған психологиялық жара» деп атайды. Мұның түрі көп. Мәселен, бала 1 жасында «травма» алуы мүмкін. 3 жас, 7 жаста да қатты психологиялық соққыға ұшырауы мүмкін. Мұның бәрі де отбасындағы жағдайға, ата-ана арасындағы қарым-қатынасқа тікелей байланыс-ты. Өсе келе мұның бәрі де оның тұйық, адамдармен қарым-қатынас жасауда кертартпа болып есеюіне әкеледі,-дейді психолог.
Психолог сөзінше, кейіпкер Айнагүл (өзгертілген-ред) агрессиясын білдіре алмайтын, психология тілінде «невротик» болуы да мүмкін екен. Сондай-ақ ол Айнагүлдің хатынан оның жаны күйзеліп жүргенін аңғаруға болатынын айтады.
– Ол хатында: « … махаббатсыз, шынайы сезімсіз құрылған некені қабылдай алмадым. Бірақ, ажырасуға асықпадым. Жолдасыммен ақ төсекті бөлісіп, күндеріміз де, түндеріміз де зымырап өтіп жатты» деп жазыпты. Ол өз еркінсіз тұрмысқа шықса да «жоқ» деп айта алмаған. Жалпы, жан күйзелісінде жүрген кейіпкер өзіне не керегін білмеген. Шындық өзіне ұнамаса да оны қабылдауына тура келген. Ол әлі де жан күйзелісінде жүр. Сондықтан осындай қадамға барған,-дейді Динара Әбдікәрім.
Динара Әбдікәрімның сөзінше, мұндай келеңсіз жағдайға бала күнінен отбасында орынды-орынсыз көптеген тыйым естіп өскен қыздар тап болады. Бала күнінде «Ұят болады», «көп сөйлеме», «қатты күлме» деген тыйымды көп естісе, эмоциясын білдіре алмайтын болып есейеді.
– «Қызды қырық үйден тыю» дегенді тура мағынасында түсініп, өсіп келе жатқан баланы барлық нәрседен тыйып тастауға болмайды. Мәселен, кейіпкеріміздің: «Ұяң, ата-ананың айтқанынан шықпайтын, тәртіпті қыз болып өстім» дегенінен оның ата-ана қысымын көріп өскенін байқаймыз. Шамадан тыс көп шектеу өскелең жас организмге кері әсерін тигізетіні белгілі. Бала іштей күйзеліп, «түйіліп» қалады. Өз әлеміне тығылады. Кішкентай кезінен жүйке жүйесі зақымданған балалар – қиялшыл келеді. Олардың өз қиялынан жасап алған әлемі болады. Сонда өмір сүреді. Мәселен, Айнагүлдің «Жолдасым жанымда болғанда да Талғатты ойлайтынмын», «Жолдасыммен қосылғанда Талғатты елестететінмін. Сондықтан да Талғат мені пәтеріне шақырғанда еш қымсынбадым» деген жазбасы осыған дәлел. Тағы бір ескеретіні мұндай қиялшыл балалар өсе келе ренжігіш, өкпешіл болады. Егер де кейіпкеріміз кішкентайынан эмоциясын жасырмауға, жақсыны — жақсы деп, жаманды — жаман деп қабылдауға, өз ойын толық айтуға, шешім қабылдауға мүмкіндік алғанда бәлкім ол мұндай қиындықпен бетпе-бет келмес еді. «Маған ұнамайды!», «Тұрмысқа шықпаймын!» деп айтуға қымсынбас еді. Өзінің сүйгеніне тұрмысқа шығып бақытты болар еді. Бірақ, кейіпкеріміз секілді әйелдер өз алдына мақсат қоя алмайды. Соған жететін жолды да айқындай алмайды. Себебі олар басқаның дегенімен жүруге әбден үйренген. Кейіпкер мамандықты да ата-анасының не өзгенің бағытымен таңдаған болуы мүмкін деген болжам жасайды Динара Әбдікәрім.
Жалпы, маман кейіпкердің бойынан отбасылық күйзеліс пен жас ерекшелігі күйзелісін аңғаруға болатынын айтады.
– Кейіпкердің бойынан күйзелістің осы екі түрін де байқауға болады. Бірақ екіншісі — жас ерекшелігі күйзелісі басым. Ол тұрмысқа шыққан кезде бас көтерген. Жыл өткен сайын күшіне енген. Нәтижесінде, отбасы бола тұра, баласы болғанына қарамастан күйеуіне опасыздық жасауы оның жүйкесінің психологиялық тұрақсыз халде екенін аңғартады,-деді психолог.
Маман оқырманымызға терапиядан өтуге кеңес береді. Оның жағдайында нәтижеге қол жеткізу үшін біраз уақыт қажет екенін айтады.
– Психологтың көмегіне жүгіну арқылы психологиялық травманы анықтауға болады. Маман «ақаудан» арылуға көмектеседі. Алайда жолдасына жасаған опасыздықты айту, не сақтап қалу туралы шешімді өзі қабылдауы керек. Дегенмен психологқа жан сырын ақтарса, өзін жеңіл сезініп, іс-әрекетті ой елегінен қайта өткізуге мүмкіндік бар,-дейді психолог.
Маман оқырман хатынан оның өз қателігін түсінгенін айтады. Бірақ, жасаған әрекеті үшін өзін кінәлі сезінуге болмайтынын тілге тиек етеді. Себебі, эмоцияны жасыру, қалың ой оны басқа да дертке әкеп соқтыруы ықтимал.
– Мәселен, адам өз-өзін іштей қинап, қалың ойдың жетегінде жүргенде, өз-өзін кінәлағанда ауруға шалдығады. Күйзелістен қалқанша безі ісігі пайда болады немесе тіс ауыруы мүмкін. Кішкентай кезінде көп жыламағаны себепті мұрны бітіп — гайморитке шалдығуы мүмкін. Сондықтан да дертті іште сақтамаңыз. Газетке жазып, көпшілікпен бөлісу де жақсы жетістік. Сіз алға ұмтылып келесіз. Енді тек маманға жүгініп, толық терапиядан өтсеңіз болғаны. Маман сізге жол сілтеп, бағыт береді. Өміріңіздің қай арнаға бұрылуы – өз қолыңызда. Бастысы мінез-құлқыңызды және ішкі жан дүниеңізді реттеу керек,-дейді психолог.
Жазып алған – Айжан Ермекқызы
«Оңтүстік Рабат», №38, 17 қыркүйек 2020 ж