Шымкенттегі бұл үйде 5 баланың анасы Гүлмира тұрады. Екі перзентінің мүмкіндігі шектеулі. Бүгін оның үйіне өрт қауіпсіздігі мамандары келіп, баспанадағы мұржаның бітеліп қалғанын анықтады.
Бітелген мұржа үлкен қайғыға себеп болуы мүмкін. Төтенше жағдайлар департаментіндегілер айтуынша, оқыс оқиғалар әсіресе күн суытқанда басталады. Осының алдын алу үшін мамандар бүгін тағы бірқатар ауданды аралап шықты. Басты мақсат «Өрт қауіпсіздігі» айында көмірден улану қаупі бар орындарда азайту.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Шымкентте газдан уланып 7 адам ажал құшты. Биылғы 9 ай көрсеткіші де тура солай. Осылай деп дабыл қаққан мамандар тұрғындарды сақ болуға шақырады.
Назерке Үкібасова