Қару-жарақ ұрланған әскери бөлімдегі былықтар бітер емес

212

Қару-жарақ ұрланған 10/216 әскери бөлімінен шыққан былық бітер емес. Бұл жолы сот алдында бөлім командирі жауап берді. Оның үстінен пара алу, қызметін асыра пайдалану сынды бірнеше бап бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Соттың екінші отырысына қару ұрлады деп айыпталған Абылай Балғынбай ғана емес, өзге де әріптестері келді. Және командирлерін мәжбүрлі түрде ақша жинады деп айыптады.

Түркістан облысындағы қару-жарақ ұрланған әскери бөлімдегі былық бітер емес. Бұл жолы сот алдына жауап беруге 10/216 әскери бөлімінің командирі Ержан Даутов келді. Оның үстінен ҚР 5 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Атап айтсақ, қызметін асыра пайдалану, салғырт қарау және пара алу баптары.

Осымен екінші рет өткен сот отырысына қоғамдық резонанс тудырған қылмыстық істің бас фигуранты Абылай Балғынбай да келді. Еске сала кетейік, ол әскери бөлімнен ұрланған қару-жарақ ісі бойынша жауапқа тартылған. Және бұл қылмысқа командирі Ержан Даутов жұмсады деген еді. Сөйтсек, әскери бөлімде Даутовқа ренжігендер аз емес екен. Олардың 4-уі бүгін командиріне мәжбүрлі түрде ақша жинап бергендерін жайып салды.

«Командирге мәжбүрлі түрде ақша бердім» деген әскери қызметкерлер мұнымен бітпейді. Солардың тағы бірі — Қуаныш Маймақов. Жұмысқа келер күннің алдында ащы су ұрттадым деген ол осы үшін Даутовқа 100 мың теңге бергенін айтады.

Еске сала кетейік, Түркістан облысындағы 10/216 әскери бөлімінен осыдан 8 ай бұрын шу шыққан еді. Бадамдағы әскери бөлімнен кіші сержант қашып қана қоймай, өзімен қару ұрлап әкетті деп айыпталды. Ал, оның командирі қызметіне салғырт қарағаны үшін жауапқа тартылып отыр.

 Назерке Үкібасова