Мақтаарал ауданы, Мырзакент ауылындағы тұрғын үйлердің кәріз жүйесі бойынша мәселе болмайды. Бұл туралы аудандық Тұрғын үй-комуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Ғалымжан Егембердиев мәлімдеді.
Ол үшін мердігер мекем — «А проекті» ЖШС ауыл сыртынан кәріз жүйесін жаңартуды қолға алған. Бұл жобаға республикалық бюджеттен 528 млн теңге бөлінген.
Еске сала кетейік, үстіміздегі жылдың 1 мамырында Өзбекстан Республикасындағы «Сардоба» су қоймасының бөгеті жарылып, көршілес орналасқан Мақтааарал ауданының тұрғындары да зардап шеккен болатын.
Аталмыш төтенше жағдайдан кейін үйінен айырылғандарға 386 жаңа баспана бой көтерді. Бүгінде сол жаңа үйлерге тартылған кәріз жүйесі де — басты назарда. Бүгінгі таңда нысан 90 пайыздай өз жұмысын аяқтады. Осы айдың соңына қарай құрылыс жұмыстары толығымен аяқталмақ. Тәулігіне 300 текше метр суды тазартып отыратын нысанды салуға 35 қызметкер жұмылдырылған.