Шымкенттегі көпқабатты бір тұрғын үйдің шатыры 33 млн. теңге тұрады

116

 

33 млн теңге. Шымкентте бір көпқабатты тұрғын үйдің шатырын ауыстыруға осынша қаражат жұмсалады. Бұл туралы бүгін Еңбекші ауданы әкімінің есептік жиынында мәлім болды.

Аудандағы тозығы жеткен тұрғын үйлерді жаңғырту жұмыстарына көңілі толмаған қала әкімі бағаны қайта қарауды тапсырды. Жыл басынан бері ауданда қандай шаруалар атқарылды?

Еңбекші ауданы әкімі қала басшысын жыл басынан бері атқарылған жұмыстарымен таныстырып шықты. Бүгінде аудан халқының 96 пайызы ауыз сумен, 94 пайызы сапалы жарықпен қамтылған. Жергілікті тұрғындардың бұл проблемасы келер жылы толық шешіледі дейді билік өкілдері.

Құрылыс жұмыстарының шығыны қалтаны қағатын болғандықтан ауданда тозығы жеткен тұрғын үйлерді дер кезінде жамап-жасқау мүмкін емес дейді салаға жауаптылар. Тозығы жеткен тұрғын үйлердің сыйқына көңілі толмаған қала әкімі бағаны қайта қарауды тапсырды.

Мұрат ӘЙТЕНОВ, Шымкент қаласының әкімі: «Сметчиктер шығарады ғой, ия? Қымбат бұл. Қайта қарап шығу керек. Әрине, халық қиналады төлеуден».

Аудандағы криминогендік жағдай мәз емес. Пандемия жағдайына қарамастан ауыр және аса ауыр қылмыстар өршіп тұр. Жыл басынан бері аса ауыр қылмыстар саны 15 пайызға, ауыр қылмыстар 2 жарым пайызға артыпты. Тәртіп сақшылары мұны қызметкерлердің тапшылығымен байланыстырды. Қылмыспен күресуге полицей жетіспейді деп ақталған жауаптыға Мұрат Әйтенов тың технология тиімді пайдаланылса, қосымша штаттың да қажеті жоқ деді. Сайып келгенде полицейде абырой болса, криминалдық ақуал бері қарайтын еді деп кесіп айтты.

Мұрат ӘЙТЕНОВ, Шымкент қаласының әкімі: «Полицияда абырой болса, қылмыс азаяды, болмаса, көбейе береді. Полицейлер жұмыстарын өз деңгейінде атқаруы тиіс».

Шаһар басшысы аудан әкіміне көпқабатты тұрғын үйлерге жылу беруді бақылауға алуды тапсырды. Бұқарамен байланысты жолға қойып, халықтың әлеуметтік проблемаларын тездетіп шешуге күш салуды жүктеді.

Мақпал РЫСБАЕВА