Әл Фараби ауданы әкімінің жалақысы – 450 мың теңге

208

 

Әл Фабари ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұловтың жалақысы – 450 мың теңге. Бұл туралы аудан басшысы «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ұйымдастырған «Жемқорлық бізге жат» акциясы аясында өткен сұқбатта мәлім етті.

Ғабит Патшаханұлы сыбайлас жемқорлықты жою барысында өз ұжымында атқарылып жатқан жұмыстармен бөлісті. 20 жылдық еңбек өтілі бар шенеунік апта сайын мемлекеттік қызметкерлерге қатысты заңнама шектеулерін әкімдіктегі әрбір қызметкерге жазбаша түсіндірілуін бақылаймын дейді. Жарты миллион теңгеге жуық еңбекақысы бар аудан әкімі отбасында басқа кіріс көзінің жоқтығын айтады.

Ғабит Мәуленқұлов, Әл-Фараби ауданының әкімі: «Жалақым – 380 мың теңге, қолыма тиетіні 300 мың болса, факторлық-баллдық шкала жүйесі бойынша 50 пайыздай қосылады. Шамамен 450 мың теңге. Басқа табыс көзі жоқ. Үш балам бар Құдайға шүкір».

Әкімдікке негізінен, тұрғын үй мәселесі мен көпбалалы отбасылардың мұқтаждығына қатысты арыз-шағымдар жиі түседі екен. Ауданда бүгінде 5 мыңнан астам жанұя көпбалалылар, 10 мыңнан астамы тұрмысы төмендер санатында екен.

Айта кетейік, «Жемқорлық бізге жат» акциясы әлі члендж ретінде жалғасады. Аясында мекемелердің бірінші басшылары жалақыларын жариялап, парақорлықты болдырмау үшін жасаған жұмыстарына есеп береді. Жоба жетекшілері өзінің ай сайынғы айлығын айтқысы келмей, сұқбатқа келіспейтін шенеуніктердің көп екенін де жасырмады.

Қамбар ЖАНИ, «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің Шымкент қаласы бойынша жетекшісі: «Осыған дейін 11 басшы өзінің жалақысын жариялады. Арасында жалақысын жариялағысы келмегендер шығып жатыр. Есесіне мемлекеттік емес ұйымдардың басшылары бізге еңбекақымызды жариялайық деген бастамамен шығып жатыр. Алдағы уақытта акцияны жалғастыра береміз».

Мақпал РЫСБАЕВА