Праймериз қатысушыларына дауыс беру жалғасуда

128

Қазанның 1-і күні сағат 24:00-ден бері елде праймериз қатысушыларына дауыс беру басталды. Үміткерлерді таңдау 3 күнге жалғаспақ. Мәслихат, мәжіліс депутаты болуға ниетті жандарға партия мүшелері онлайн дауыс бере алады. Естеріңізге сала кетейік, Шымкентте праймеризде 151 кандидат бағын сынауда.

«Қаладағы Абай ауданынан праймеризге қатысып жатқан 32 үміткердің арасынан лайықтыларына дауыс беру жауапты іс»,- дейді Музафар Абдурахманов. Айтуынша, өзі таңдау жасаған кандидаттың ұстанымы мен бағдарламасы көңілінен шығыпты.

«Өз таңдауымды жасадым. Бағдарламасы, алдына қойған мақсаты маған ұнады. Және де кездесулер барысында сенімді болды»,- дейді  «Нұр Отан» партиясының мүшесі
Музафар Абдурахманов.
Музафар сияқты авторизациядан өткен 30 мыңнан астам партия мүшесі өз қалауын қолындағы смартфонның көмегімен немесе арнайы 33 учаскеде орналасқан компьютерлер арқылы жүзеге асыра алады. Дауыс берудің әділ өтетініне партия өкілдері сенімді. «Бағдарламаға ешкім кіре алмайды, бұза да  алмайды. Оны тиісті сала мамандары қадағалауда ұстауда»,- дейді олар.

Шымкент қаласындағы 47 бастауыш партияда «Нұр Отанның» 35 200 мүшесі бар. Олардың 4 мыңнан астамы дауыс беру құқығын пайдалана алмайды. Өйткені авторизациядан өтпеген. Бұл олардың құқығы. Праймеризке қатысуға қала бойынша бастапқыда 185 үміткер ниет білдірген болса, қазір 151 кандидат бағын сынауда.

Бахадыр НАРЫМБЕТОВ, «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиал төрағасының бірінші орынбасары: «51 үміткер өтеді. 9 кандидатты квота бойынша төраға, қала әкімі сайлайды. Сонда 60  үміткер өтеді. Бізде мәслихатта 30 депутат орны бар. Сонда бір орынға екі адамнан болып тұр».

Онлайн-формат – партияның ашық әрі қолжетімді бола түсуіне жасалған тағы да бір қадам. Ал праймериз қорытындысы 5-ші қазанда белгілі болады.

Шынар Оразова